ВС РК - Постановление от 12.05.2022 по делу 6001-22-00-6ап/56 (Административное)

6001-22-00-6ап/56

ҚАУЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласы 2022 жылғы 12 мамыр

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.К.Нурбаев,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Б.Т.Нажмиденов болып,

талапкер Е[...], оның өкілі – А[...], жауапкер – жеке сот орындаушысы С[...] (бұдан әрі – ЖСО С[...]), мүдделі тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Банк, «Банк ЦентрКредит» АҚ) өкілі Қ[...] қатысуларымен,

талап қоюшы Е[...] ЖСО С[...] әрекеттеріне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулысына және жеке ұйғарымына жауапкер – ЖСО С[...] пен мүдделі тұлға «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның өкілі Қ[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Е[...] сотқа ЖСО С[...] әрекеттеріне дау айту туралы талап қою арызбен жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, ЖСО-ның: 2014 жылғы 16 қазандағы қарызды мүліктен өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы; 2014 жылғы 16 қазандағы борышкер Е[...] өндіріп алушы Банктің пайдасына 9558131 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы; 2018 жылғы 14 маусымдағы борышкер Е[...] өндіріп алушы Банктің пайдасына 9558131 теңге өндіру туралы; 2014 жылғы 20 қазандағы мүлікке тыйым салу туралы; 2015 жылғы 19 маусымдағы мүлікке бағалауға маман тарту туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен 2021 жылғы 20 қазандағы сот шешімі өзгеріссіз, ЖСО С[...] пен мүдделі тұлға «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылып, ЖСО С[...] тарапына жеке ұйғарым шығарылған. Мүдделі тұлғаның өкілі Қ[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуына орай толық жоюды сұраған.

Жауапкер ЖСО С[...] өз шағымында жергілікті соттармен іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтіндігін көрсетіп, іс жүргізуді тоқтатуды және оған қатысты шығарылған жеке ұйғарымның күшін жоюды өтінген.

Талапкердің өкілі А[...] өз қарсы пікірінде мүдделі тұлға – «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы шағымдардың дәлелдерін қолдаған жауапкер мен мүдделі тұлға өкілінің түсіндірмелерін тыңдап, талапкердің қарсы пікірімен танысып, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымдардың дәлелдерін және талапкер өкілінің оларға қатысты қарсы пікірін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен Банктің талап арызы қанағаттандырылып, өндіріп алушының пайдасына Е[...] 9558131 теңге қарызы кепілдегі Қызылорда қаласы, Тасбөгет тұрғын ауданы, Есенов көшесі, нөмірсіз мекенжайында орналасқан «Б1[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) тиесілі жылжымайтын мүліктен өндірілген.

Сот шешімі негізінде 9558131 теңге берешекті өндіруге және қарызды кепіл мүлкінен өндіруге екі бөлек атқару парағы жазылып, 2014 жылғы 16 қазанында ЖСО С[...] екі атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Сот шешімімен Е[...] Банк алдындағы 9558131 теңге берешегін кепілге қойған мүлкін өндіріп алу арқылы өтеу әдісі анықталған. Яғни, берешекті ақшалай емес, мүліктен өндіруге шешім қабылданған.

Алқа апелляциялық сатының атқару құжат орындауға сот актісімен бірге берілуі, сот орындаушысы атқару құжатын өз өндірісіне қабылдау барысында оның заң талаптарына, сонымен қатар сот актісіне сәйкестігін тексеруі тиіс болғаны жөнінде тұжырымымен келіседі және оны дұрыс деп санайды. Өйткені Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 37бабының 4-тармағында келтірілген норманың мағынасына сәйкес атқарушылық құжаттың Заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сот орындаушыға Заңмен үш күн мерзім белгіленген.

Заңның 38-бабы 1-тармағының 4), 8) тарақшаларына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін атқарушылық құжат бойынша атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаратыны, атқарушылық құжатқа заңды күшіне енгені туралы белгісі бар, судьяның қолымен және соттың мөрімен куәландырылған сот актісінің көшірмесі қоса берілетіні жөнінде нормалар көзделген.

Бұл ретте, атқару парағы шешімнің қарар бөлігіне сәйкес сөзбе-сөз жазылуы тиістігі тексерілмей, АПК-нің 241-бабының 5-бөлігіне сәйкес соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiлетіндігі жөнінде заң нормасының талаптары басшылыққа алынбаған.

ЖСО-мен атқару парақтарын өндіріске қабылдау барысында Заң талаптары сақталмай, кейін ол бұзушылықтар талапкер құқықтарының бұзылуына, нәтижесінде бір берешек бойынша екі атқарушылық өндірістің қатар жүргізілуіне және атқарушылық іс жүргізу аясында қосарланған мәжбүрлеу шараларын қабылдауға әкеп соққан.

Соттармен кепілге берілген мүлік – «Б1[...]» ЖШС-гі 2009 жылы таратылып, заңды тұлғалар қатарынан шығарылғаны, аталған серіктестікті тарату туралы Қызылорда облысының Әділет департаментінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығы атқарушылық іс материалдарына тіркелгені анықталып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 35-бабына сілтеме жасауы дұрыс. Өйткені осы заң нормасында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi (құқықтарға ие болып, өзіне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті) ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады деп көрсетілген.

Осыған орай, ЖСО-ы меншік иесі жоқ мүлікке қатысты мәжбүрлеу шараларын жүргізгені, оның бұл әрекеттері заң талаптарына қайшы келетіндігі туралы қорытындылары заңды.

Тараптардың шағымдарындағы уәждері апелляциялық сатымен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

ЖСО С[...] әрекеттерінде соттармен нақты кемшіліктер анықталған, осыған байланысты апелляциялық саты сотымен оған қатысты шығарылған жеке ұйғарым заңды және негізделген.

Жауапкердің талапкердің осы талаптары бұған дейін соттармен қанағаттандырусыз қалдырылғаны туралы уәждері және дәлелдеме ретінде үш сот актісіне сілтеме жасауы қабылдануға жатпайды, өйткені ол сот шешімдері азаматтық іс жүргізу шеңберінде қабылданған болатын.

Ал, жауапкердің талап қоюшының талап қоюды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырусыз қалтыру туралы өтініші, ол кассациялық сатыда қайта қаралуға жатпайтындығына орай, қараусыз қалдырылады.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулысы және жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер – ЖСО С[...] пен мүдделі тұлға «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның өкілі Қ[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Нурбаев Судьялар Е. Өмірәлиев Б. Нажмиденов Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.