Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5445 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5445

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 13 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Ж[...] жауапкердің өкілі К[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласының әкімінің жауапкер «O[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әріЖШС) жер учаскесінің 5,6866 га бөлігін мемлекет мұқтажы үшін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «O[...]» ЖШС-не тиесілі Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, №81 А кадастрлық №[...] жалпы алаңы, 6,6600 га жер учаскесінің 5,6866 га бөлігі мемлекет мұқтажы үшін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің өзгертуді, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, OdhaI (Одхал) ЖШС-не 2020 жылғы 3 тамыздағы №1058 жылжымайтын мүлікті меншігіне тапсыру туралы келісім шарт және 2020 жылғы 5 қыркүйектегі №004/241 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың үлгілік шарты негізінде Шымкент қаласы, Абай ауданы,

Қайнарбұлақ тұрғын алабы, №81А кадастрлық №[...] жалы алаңы 6,6600 га жер учаскесі табысталған .

2024 жылғы 1 сәуірде Шымкент қаласының бас жоспары негізінде Шымкент қаласы «Бозарық» индустриалдық аймағын кеңейту үшін мемлекеттік қажеттерге байланысты жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу туралы Шымкент қаласы әкімдігінің №1314 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) қабылданған.

Қаулыға сәйкес «Ж[...]» шаруа қожалығына (бұдан әрі-ШҚ) тиесілі Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, 017 орам, кадастрлық №[...] жалпы алаңы 6,6600 га жер учаскесінің 5,6866 га бөлігін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару бекітілген.

2024 жылғы 30 сәуірде қаулыға меншік иесі ««Ж[...]» ШҚ» орнына «O[...]» ЖШС деп өзгеріс енгізу туралы №1993 қаулы қабылданған.

Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен принциптері Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі –Жер кодексі) 84-бабында көрсетілген.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жергілікті соттармен анықталғандай, Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 1 сәуірде №1314 қаулысы бойынша мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер телімдері теміржол құрылысының қарастырылуына байланысты инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында алынуға жатады.

Өз кезегінде, жауапкер «O[...]» ЖШС-не жоғарыда аталған жалпы алаңы 6,6600 га құрайтын жер телімі 34 жылға жалға берілген. Оның ішінде алынатын алаңы 5,6866 га жер телімінің мемлекет мұқтажы үшін алып қою бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 1 сәуірдегі №1314 қаулысы қабылданғаны туралы, яғни жер телімі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатыны жөнінде жауапкер хабардар болған.

Демек, талап қоюшымен заңнамамен бекітілген жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тәртібі толық сақталған.

Бірінші сатыдағы сот, инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында алынуға жататындығын және мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тәртібі толық сақталғанын негізге алып талап қоюды қанағаттандырған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығару туралы заңнаманы қолдануының кейбір мəселелері туралы» нормативтік қаулысының 3,4 жəне 8- тармақтарында көзделген талаптар толығымен сақталған дей келе

апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың қорытындысын негізді деп тапқан.

Кассациялық сот, соттардың жауапкерге тиесілі жер учаскесінің алаңы 5,6866 га мемлекет мұқтажы үшін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен дұрыс шығарылған деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 2-тармақшасына сәйкес жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.

Жер құқығы қатынастарынан туындайтын талап қоюға, атап айтқанда: жер учаскелерін алып қоюға байланысты шығындарды өтеу туралы талап жатқызылатындығы көрсетілген.

Демек, жауапкер жер учаскесін алып қоюға байланысты шығындарды өтеу туралы талап қою құқығын жоғалтқан жоқ.

Сондықтан, жауапкердің жер учаскесін нысаналы мақсатында пайдалану барысында кеткен шығындар ескерілмеді деген уәжі негізсіз.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.