жоба
6кп-49-21
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 28 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – А.Д. Рахметулин, судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова , А.М. Нурбеков, прокурор Т[...],
Қызылорда облысы, [...] бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері А[...], Ш[...], М[...],
«Б[...]» шаруа қожалығының өкілі Б[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Сырдария аудандық сотының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 3 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен, «Б[...]» шаруа қожалығына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 275-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Сырдария аудандық сотының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен «Б[...]» шаруа қожалығы (бұдан әрі - «Б[...]» ШҚ-ы) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әріӘҚБтК) 275-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 21 162 272 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген. Алқа «Б[...]» ШҚ-ғы өкілінің және прокурордың ұсынуды қолдаған, уәкілетті органның өкілдерінің ұсынуға қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертілуге жатады деп есептейді.
Іс материалдарынан «Б[...]» ШҚ-ның 2017 және 2018 жылдар ішінде жиынтық табысы 30 000 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен асқаннан кейін қосылған құн салығын төлеуші ретінде мемлекеттік кірістер органына тіркеу есебіне тұрмағаны көрінеді. Бірінші сатыдағы сот «Б[...]» ШҚ-ын ӘҚБтК-нің 275-бабының 5- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасаған деп танып, есепке қойылмаған кезең үшін айналым сомасын он бес пайызы мөлшерінде, содан кейін отыз пайызға қысқартып, 21 162 272 теңге айыппұл салған.
Алайда бірінші сатыдағы сот «Б[...]» ШҚ-на қатысты жазаны тағайындағанда келесідей заң талаптарын ескермеген.
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 28 желтоқсандағы №127-VІ Заңымен ӘҚБтК-нің 275-бабы 5-бөлігімен толықтырылып, 2018 жылғы 8 қаңтарда күшіне енген. Әкімшілік жауаптылыққа 2018 жылғы 8 қаңтардан бастап жиынтық табысы 30 000 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен асқаннан кейін қосылған құн салығы бойынша салық төлеуші ретінде мемлекеттік кірістер органына тіркеу есебіне тұрмаған тұлғалар тартылуға жатады.
ӘҚБтК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін немесе тұлғаның жағдайын өзге түрде нашарлататын заңның кері күші болмайды.
Жергілікті соттар заң талаптарын орындамай, «Б[...]» ШҚ-ын 2017 жылы мемлекеттік кірістер органына тіркеу есебіне тұрмағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартқан.
Сондықтан 2017 жылдағы салық заңның бұзылғандары алынып тастауға, айыппұлдың мөлшері тек 2018 жылғы жиынтық табысынан есептелуге жатады. Сәйкесінше айыппұл мөлшері 138 438 850 теңге жиынтық табысынан он бес пайызын алғанда 20 765 827 теңге болады.
Әкімшілік айыппұлдың мөлшерін қысқарту туралы ӘҚБтК-нің 829-11бабының 2-бөлігінің нормалары қолдануға жатпайды, себебі мұндай қысқарту тек ӘҚБтК-нің 44-бабының 1-бөлігіне сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұлға қатысты қолданады (айлық есептік көрсеткішпен көрсетілген).
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3-тармақшасында көзделген негіздер бойынша өзгертілуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 840-бабының 2- бөлігінің, 851-бабының 5-бөлігінің 3-тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
«Б[...]» ШҚ-на қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 275-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Сырдария аудандық сотының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 3 қарашадағы қаулылары өзгертілсін. Әкімшілік айыппұл түріндегі салынған жаза 20 765 827 (жиырма миллион жеті жүз алпыс бес мың сегіз жүз жиырма жеті) теңгеге дейін азайтылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші А.Рахметулин
Г. Әлмағамбетова
Судьялар
- А. Нурбеков
Көшірмесі дұрыс :
- Г. Әлмағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.