Қ А У Л Ы
2025 жылғы 26 қараша №6003-25-00-2к/396 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев,
судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
талап қоюшының өкілдері Г.Көшербаева, жауапкердің өкілі Г.Сихимов, үшінші тұлғаның өкілі Б.Жаханның қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Аимхан Артыковна Анарбаеваның жауапкер Ташбиби Хасановна Ергешоваға, даудың нысанасына дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы Түркістан облысы Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне құрылысты мәжбүрлеп бұзып алып кетуді міндеттеу туралы Түркістан облысының Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына жауапкер Т.Ергешованың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
А.А.Анарбаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер Т.Ергешоваға Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі, №23 мекенжайдағы Аимхан Артыковна Анарбаеваға тиесілі кадастрлық № 19-307-142-1442 жер теліміне салынған ауданы 65 шаршы метр тұрғын үй мен қосалқы шаруашылық құрылысы және жер учаскесінің қоршауы заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу міндеті жүктелген.
Сот шығындарын бөлу туралы мәселе шешілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Шағымда, сотқа маман қорытынды емес жазбаша пікір ұсынғанын, 2024 жылғы 10 желтоқсан, 2025 жылғы 10, 16 ақпандағы өтінішхаттар қаралмағанын, құрылыс пайдалануға қабылданғанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 244-бабына сай, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
Іс құжаттарына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы әкімдінің 2000 жылғы 15 тамыздағы № 1882 шешімімен Абилашим Абдуалиевич Каракеевке Түркістан қаласы 152 көше, №17 мекенжайдан (бұдан әрі - даулы жер) саяжай құрылысы үшін 0,06 га жер аумағы жеке меншік құқығымен табысталған.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қалалық сотының 2015 жылғы 4 қыркүйектегі №2-2133 шешіміне (бұдан әрі - сот шешімі) сәйкес Ашим Каракеевке Түркістан қаласы әкімшілігіне қарасты бау шаруашылығы мен саяжай құрылысы үшін жеке меншік құқығымен беру туралы Түркістан қаласының әкімінің 2000 жылғы 15 тамыздағы №1882 шешімінің Абилашим Абдуалиевич Каракеевке тиесілі екендігі фактісі анықталған.
2015 жылғы 6 қарашада А.А.Каракеевке даулы жерге Түркістан қаласы 152 көше, №17 телім мекенжай анықтамасы берілген.
2017 жылғы 28 маусымда даулы жерге А.А.Каракеевтің атына жеке меншік құқығы тіркелген.
2019 жылғы 12 шілдедегі №1710 тізілімімен тіркелген сатып алу-сату келісім шарты (бұдан әрі - шарт) негізінде кадастрлық №19-307-152-1442 даулы жер 2019 жылғы 12 маусымда заң бойынша мұраға құқық беру туралы куәлік негізінде ие болған Азамат Абилашимұлы Абдуалиевтен (сенімхат бойынша П.А.Каракеева) талап қоюшы А.А.Анарбаеваның меншігіне өткен.
2022 жылғы 5 қыркүйектегі Түркістан қаласы, 152 көше, №17 мекенжайдағы кадастрлық №19-307-152-1442 жер телімін Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі, №23 мекенжай анықтама берілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалымен (бұдан әрі - Азаматтарға арналған үкімет) 2025 жылғы 6 ақпанда
берілген қорытындыға сәйкес 2022 жылы талап қоюшы А.А.Анарбаева №19307-142-1442 жер телімі кадастрлық ісі бойынша «Түркістан жер 2030» ЖШС далалық зерттеу актісі мен жерге орналастыру жобасын жасап Түркістан қаласы жер қатынастары бөлімінің бұйрығымен жер телімінің конфигурациясын өзгертілген, бастапқыда сәйкестендіру актісінің көлемі 40х15 болған не себепті жер телімінің конфигурациясы өзгертілгені белгісіз алайда координат тізімдемесіне сәйкес қазіргі даулы болып жатқан жер теліміне сәйкес келетіні, далалық зерттеу актісі даулы тұрғын үй тұрған жерге жасалғаны анықталған.
Түркістан қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Сәулет және қала құрылысы бөлімі) 2018 жылғы 16 маусымда берілген мекенжай тіркелімі АЖ анықтамасына сәйкес жауапкер Т.Х.Ергешоваға Түркістан қаласы, 152 көше, №15 үй мекенжайы нақтыланып берілген.
Түркістан қаласы әкімінің 2017 жылғы 5 мамырдағы №669 қаулысы негізінде Т.Х.Ергешоваға Түркістан қаласы, 152 көше, №15 мекенжайдан саяжай құрылысы үшін 0,06 га жер аумағы жеке меншік құқығымен табысталған.
2017 жылғы 27 қаңтарда жауапкер Т.Х.Ергешоваға Түркістан қаласы, 152 көше, №15 мекенжай анықтамасы берілген.
2021 жылғы 26 қарашадағы Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі № 35 мекенжай болып өзгертілген.
2022 жылғы 9 маусымда Сәулет және қала құрылысы бөлімімен жауапкер Т.Х.Ергешованың Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі, №35 үй мекенжайда тұрғын үй құрылысы бойынша меншік иесінің қабылдау актісі 2022 жылғы 1 маусымда №03-12-13/1435 нөмерімен есепке алынған.
2022 жылғы 25 наурызда жауапкер Т.Х.Ергешова даулы жерге тұрғызылған жеке тұрғын үйін меншік иесінің салынған обьектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі жасалған.
Сәулет және қала құрылысы бөлімінің қорытындысына сәйкес даулы жерге 2015 жылғы 6 қарашада А.А.Каракеевке тиесілі жер тілімінің мекенжайы Түркістан қаласы, 152 көше, №17 деп анықталып берілген, қазіргі таңда көше атауы өзгертіліп, аталған даулы жерге Аймауыт көшесі, №23 деп нақтыланған, ал жауапкер Т.Х.Ергешоваға тиесілі жер бұрынғы 152 көше, №15 жер телімі, қазіргі таңда Аймауыт көшесі, №35 жер телімі болып өзгерген және ол көшенің бас жағында орналасқан.
Кадастрлық филиалдың қорытындысына сәйкес 2022 жылы талап қоюшы А.А.Анарбаева №19-307-142-1442 жер телімі кадастрлық ісі бойынша «Түркістан жер 2030» ЖШС далалық зерттеу актісі мен жерге орналастыру жобасын жасап, Түркістан қаласы жер қатынастары бөлімінің бұйрығымен жер телімінің конфигурациясын өзгертілгені, бастапқыда сәйкестендіру актісінің көлемі 40х15 болған не себепті жер телімінің конфигурациясы өзгертілгені белгісіз екендігі, алайда координат тізімдемесіне сәйкес қазіргі даулы болып
жатқан жер теліміне сәйкес келетіні, далалық зерттеу актісі даулы тұрғын үй тұрған жерге жасалған.
Сондай-ақ, жауапкер Т.Х.Ергешоваға тиесілі Түркістан қаласы Аймауыт көшесі №35 мекенжайы кадастрлық №19-307-142-1474 жер телімі координат тізімдемесіне сәйкес даулы жерге емес, Аймауыт көшесінен бір көше кейінгі Елбегі көшесіндегі кадастрлық № 19-307-142-1753 Жеті қазына көшесі №25/1 мекенжайдағы сәйкестендіру актісімен беттеседі.
Аталған даулы үйде, қазіргі таңда жауапкер Т.Х.Ергешова отбасы құқығын тану құжаттарына сәйкес оған табысталған жер мүшелерімен бірге тұрып жатқандығы, ал Т.Х.Ергешованың меншік иеленуші құжаты Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі №35 мекенжайы кадастрлық №19-307-142-1474 жер телімі координат тізімдемесіне сәйкес даулы жерге емес, Аймауыт көшесінен бір көше кейінгі Елбегі көшесіндегі кадастрлық №19-307-142-1753 Жеті қазына көшесі №25/1 мекенжайдағы сәйкестендіру актісімен беттеседі.
Жауапкер Т.Х.Ергешова құрылысты талап қоюшы А.А.Анарбаеваға тиесілі даулы жер теліміне салған.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесінің мәліметіне сәйкес, жауапкерге тиесілі Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі, 35 мекенжай бойынша тұрғын үй мен әжетхананы пайдалануға қабылдау туралы актісі 2022 жылғы 3 маусымда тіркеу органында тіркелген.
А.А.Анарбаева өзіне тиесілі жер теліміне салынған ауданы 60 шаршы метр тұрғын үй мен қосалқы шаруашылық құрылысы және жер телімінің қоршауы заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюын, жауапкер Т.Х.Ергешова өз бетінше заңсыз салып алғанымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкер тұрғын үйді талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінде салғанын және жауапкердің тұрғын үйге меншік құқығы тіркелмегенін ескеріп, АК-нің 244-бабын негізінде талап қоюшының өзіні тиесілі жер теліміне салынған ауданы 65 шаршы метр тұрғын үй мен қосалқы шаруашылық құрылысы және жер учаскесінің қоршауы заңсыз салынған құрылысты жауапкерге мәжбүрлеп бұзу міндетін жүктеу туралы талап қоюы қанағаттандырылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімімен келісіп, жауапкердің салынған құрылысқа меншік құқығы пайда болмағаны туралы тұжырым жасалған.
Жергілікті соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмауына байланысты тұжырымдары негізсіз болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабы 2, 3- тармақтарына сәйкес, меншік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.
АК-нің 188-бабының 1, 2, 5-тармақтарына сәйкес, меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады. Меншiк
құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
Талап қоюшы талап қоюын құрылыс өз бетiмен салынғандықтан АК-нің 244-бабы негізінде бұзылуға жатады деп негіздеген.
Алайда талап қоюшымен бұзуды талап етілген құрылыс өз бетімен салынған болып саналмайды, себебі жауапкер Т.Х.Ергешованың талап қоюшы А.А.Анарбаеваға тиесілі жер телімінде салған тұрғын үй мен әжетхананы пайдалануға қабылдау туралы актісі 2022 жылғы 3 маусымда тіркеу органында тіркелген.
Осыған байланысты АК-нің 7-бабына, 118-бабы 2-тармағына сәйкес, жауапкердің тұрғын үйге меншік құқығы пайда болған.
Нысанды пайдалануға қабылдау актісі жарамсыз деп танылмаған.
Мұндай жағдайда, талап қоюшының өзіне тиесілі жер учаскесінде салынған құрылысты бұзу туралы талабы, жауапкердің нысанды пайдалануға қабылдау актісі күшінде болуына байланысты қанағаттандыруға жатпайды, себебі жоғарыда көрсетілген Қазақстан Республикасының Конституциясының және АК-нің нормаларына сәйкес, соттың шешімінсіз жауапкерді мүлкінен айыруға болмайды. Тұрғын үйді пайдалануға қабылдау туралы актісі тіркеу органында тіркелгендіктен ол өз бетімен салынған құрылыс деп саналмайды.
Жергілікті соттар істің мән-жайларын толық анықтап, материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, АПК-нің 451-бабы 2- бөлігі 8) тармақшасына сәйкес сот актілерінің күшін жоя отырып, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығара алады.
Көрсетілгендердің негізінде, жергілікті соттармен қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Түркістан облысының Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы Аимхан Артыковна Анарбаеваның жауапкер Ташбиби Хасановна Ергешоваға Түркістан қаласы, Аймауыт көшесі, №23 мекенжайы бойынша орналасқан кадастлық №19-307-142-1442 ауданы 0,06000 га тұрғын үй мен қосалқы шаруашылық құрылыстарын заңсыз салынған деп танып, өз есебінен мәжбүрлеп бұздыру туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер Т.Ергешованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Тоқсанбаев
А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.