Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/5048 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 ақпан №6003-25-00-2к/5048 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,

талап қоюшы М.Уалиев, талап қоюшының өкілдері А.Сейдуалиев, А.Байнеев, жауапкер «Bank RBK» акционерлік қоғамының өкілі М.Абдуллаева, «DOSCAR Logistic» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігінің өкілі Н.Есетовтің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Мақсат Ашірханұлы Уалиевтің жауапкерлер «Bank RBK» акционерлік қоғамына, «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» және «DOSCAR Logistic» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне микрокредит беру, кепілге қою және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына талап

АНЫҚТАДЫ:

М.Уалиев жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2023 жылғы 6 қазанда «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-гі мен М.Уалиевтің арасында №2061023045 шарттың стандартты шарттарына қосылу өтініші арқылы микрокредит беру туралы шарты (бұдан әрі – микрокредит беру шарты) жасалған. Сол шарт бойынша М.Уалиевке 2022 жылы шығарылған, VIN №MXHR381CDNK394365, «Hyundai Palisade» көлік құралын (бұдан әрі – автокөлік) сатып алу-сату мақсатында 23 972 220 теңге микрокредит берілген.

Микрокредит беру шарты бойынша М.Уалиевтің қарызды қайтару міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы 6 қазанда «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-гі мен М.Уалиевтің арасында №Z2061023045 автокөлікті кепілге қою шарты (бұдан әрі – кепіл шарты) жасалған.

2023 жылғы 9 қазанда «Car Time» (қазіргі атауы - «DOSCAR Logistic») ЖШС-гі мен М.Уалиевтің арасында автокөлікті 27 150 000 теңгеге сатып алусату шарты жасалған.

2023 жылғы 12 қазандағы «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-гі мен банктің арасындағы құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы №194 шартқа сәйкес, микрокредит беру шарты бойынша несиені талап ету құқығы банкке өткен.

М.Уалиев талап қоюында заңды күшіне енген сот үкімімен алаяқтық қылмыстық әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сотталған тұлғалардың алдап, жаңылыстыруы салдарынан жасалғанымен негіздей отырып, микрокредит беру, кепіл салу және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» «Car Time» ЖШС-гі талап қоюшыны несие, кепілге салу және сатып алу-сату шарттарын жасаған кезде алдамағанын, несиені талап қоюшы өзі алғанын, ол соманың бір бөлігін талап қоюшы өзінде қалдырғанын, яғни талап қоюшының даулы шарттарды пайдакүнемдік ниетпен жасағанына дұрыс құқықтық баға беріп, М.Уалиевтің талап қоюын негізсіз деп танып, оны қанағаттандырудан бас тартқан. Бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары заңды және негізді болуына байланысты апелляциялық сатыдағы сот онымен келіскен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 159бабы 9-тармағына сай, алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

АК-нің 158-бабының 3-тармағына сай, Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап

пайдакүнемдiк уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.

2024 жылғы 8 қарашадағы заңды күшіне енген сот үкімімен (бұдан әрі – сот үкімі) келесі мән-жайлар анықталған: У.Абдужаббаров, Б.Турсункулова, Р.Артикбаева, М.Арғымбек адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденіп, жымқыру ниетімен 2023 жылғы қазанның басында М.Арғымбек жәбірленуші М.Уалиевке атына несиеге көлік рәсімдесе, несиені үш ай көлемінде сақтандыру арқылы толығымен өздері жауып тастайтындарын, сыйақысы ретінде 1 000 000 теңге қаражат беретіндерін айтып, алдап сенімін теріс пайдаланып, оны несие алуға көндірген. Соның нәтижесінде 2023 жылғы 6 қазанда «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-гі мен М.Уалиевтің арасында 23 972 220 теңге көлемінде микрокредит беру шарты және автокөлікті кепілге қою жасалған. Шарттар жасалғаннан кейін М.Уалиевке сыйақы және несиенің төлемі есебінен жалпы 3 260 000 теңгені берген, қалған ақша қаражаттарын сотталушылар өзара бөлісіп алып жымқырған. Осылайша, сотталушылар жәбірленуші М.Уалиевке аса ірі мөлшерде 20 712 220 теңге мүліктік залал келтірген.

АПК-нің 76-бабы 3-бөлігіне сәйкес соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Сот үкімімен «Sapa Digital Finance» микроқаржылық ұйымы» және «Car Time» ЖШС-нің белгілі бір қызметкерінің М.Уалиевке қатысты бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденіп, жымқыру ниетімен қылмыстық әрекеттер жасағаны немесе заңнамалардың ережелеріне қайшы әрекеттер жасағаны анықталмаған.

М.Уалиев даулы шарттар заң талаптарын бұзатынын біле тұра, сыйақы алып, пайда табу мақсатын көздеген. Осының барысында өрескел бейқамдылыққа жол берген. Бұл мән-жай да АК-нің 158-бабының 3-тармағына сәйкес талап қоюды қанағаттандырмауға негіз болып табылады.

Сонымен қатар, сотталғандар У.Абдужаббаров, Б.Турсункулова, Р.Артикбаева және М.Арғымбектің қылмыстық әрекеттері салдарынан М.Уалиевке аса ірі мөлшерде 20 712 220 теңге мүліктік залал келтіргені анықталғандықтан, соңғының сотталғандардан көрсетілген мөлшердегі мүліктік залалды өндіру туралы талап қою мүмкіндігі туындайды. Қылмыстық

іс бойынша М.Уалиевтің арызы негізінде оның сотталғандардан мүліктік залалды өндіру туралы талап қоюы қараусыз қалдырылған. Бұл мүліктік залады өндіруге М.Уалиев азаматтық іс жүргізу тәртібінде сотқа талап қою құқығы сақталады.

Осылайша, талап қоюшы осы іс бойынша құқығын қорғау тәсілін дұрыс таңдамаған. Кассациялық сот істің мұндай тұрғысында соттармен микрокредит беру, кепілге қою және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс тұжырымға келген деп табады, себебі соттардың қорытындылары істің мәнжайларына сәйкес келеді, дауды реттейтің материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған.

Кассациялық шағымында келтірген уәждер соттармен жасалған қорытындыларды теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.

Сондықтан, жергілікті соттардың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Бастаубаев А.Даненова

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.