№6001-23-00-6ап/898
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 23 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілдері А[...], Ж[...] қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] пен Д[...] Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округі әкіміне (бұдан әрі – ауылдық округі әкімі) 2020 жылғы 13 ақпандағы №56 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда олар ауылдық округі әкімінің 2020 жылғы 13 ақпандағы №56 шешімімен келіспейтіндігін көрсеткен.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Ауылдық округі әкімінің 2020 жылғы 13 ақпандағы №56 шешімімен А[...] ауылдық округі, Бесікті ауылының оңтүстік бетінде орналасқан көлемі 28,0 гектар жер учаскесінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы келісім-шарт жасаған жағдайда 10 жыл мерзімге беру туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы шешімінің күші жойылып, талап қою қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасының ұйғарымының күшін жойып бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы ауылдық округі әкімінің А[...] қатысты 2020 жылғы 13 ақпандағы №56 шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, ауылдық округі әкімімен негізсіз түрде шешім қабылданғанын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы, ӘРПК-нің 136-бабы бесінші бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы соты шешімінің күшін жойып, талап қоюды қайтарып, әкімшілік акт басқа тұлғаға қатысты шығарылуына байланысты талап қоюшы әкімшілік рәсімінің қатысушысы болып табылмайды деген тұжырымға келген.
Алайда, апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.
ӘРПК-нің 136 - бабының жетінші бөлігіне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы АПК - нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
2020 жылғы 13 ақпандағы №56 шешімімен А[...] Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округі, Бесікті ауылының оңтүстік бетінде орналасқан көлемі 28,0 гектар жер учаскесінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы 10 жыл мерзімге берілген.
А[...] жер учаскесі мен талап қоюшыларға берілген жер учаскелері беттесетіні анықталған.
Бірақ олар әкімшілік рәсімге қатыспаған тұлғалар болып табылады, алайда бұл әкімшілік актімен олардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалған, яғни олар өздеріне тиесілі жер учаскелерінен айырылған.
Сондықтан, апелляциялық сот алқасымен ӘРПК-нің 136 - бабының бесінші бөлігіне сәйкес талап қоюды қайтару туралы тұжырымы заңсыз болып табылады.
Осыған байланысты, апелляциялық сатыдағы сот жол берген бұзушылықтарды кассациялық іс жүргізу шеңберінде жоюға болмайтынын назарға ала отырып, шағымданатын сот актісі жойылып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауға жатады.
Апелляциялық сот алқасы істі қараудың толықтығы мен объективтілігін, процесуалдық құқығы нормаларының, әкімшілік сот ісін жүргізудің ӘРПК-нің 7, 8, 13, 16-баптарында белгіленген негізгі қағидаттарының толық орындалуын қамтамасыз етпегендіктен, осы іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құрамда қарауға жіберілуге жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымының күші жойылсын.
Іс Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Талап қоюшылар Д[...] пен Д[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.