6001-20-00-3гп/62
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 12 наурыз
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы М.Т.Таймерденов,
судьялар Б.Т.Жұмағұлов, Т.А.Молдахметова талап қоюшылар А[...], А[...],
П[...], У[...], олардың өкілі Д[...], жауапкер өкілдері Ш[...], Б[...], Т[...] және И[...] қатысуларымен Шымкент қалалық сотымен бейнеконференц-байланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар А[...], А[...], П[...], У[...] жауапкер «КӨ[...]» ЖШС-не бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына «КӨ[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар А[...], А[...], П[...], У[...] жауапкер «КӨ[...]» ЖШС-не еңбек шартын тоқтату жөнінде бұйрықтарды заңсыз деп тану, бұрыңғы жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен жүгінген.
Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған:
А[...] еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 60-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің жүк көлігі жүргізушісі қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған;
А[...] еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 29 тамыздағы № 53-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының автотізбекті жөндеу бастығы қызметіне 2018 жылғы 28 тамыздан бастап қайта орналастырылған;
П[...] еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 67-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің арнайы техника машинисті қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған;
У[...] еңбек шартын тоқтату туралы № 71-ж/қ 2018 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрықтың күші жойылып, ол «КӨ[...]» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің құбыр төсегіш машинисті қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған;
«КӨ[...]» ЖШС-нен А[...] пайдасына 1337550 теңге, А[...], П[...], У[...] әр қайсысының пайдасына 757104 теңгеден алты ай амалсыз бос жүрген уақыт үшін орташа жалақылары жеке табыс салығы, зейнетақы жарнасы және әлеуметтік салығы шегеріліп өндірілген;
қаулының талап қоюшыларды жұмысқа қайта орналастыру және жалақыларын өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолданған;
мемлекет кірісіне төленген мемлекеттік баж А[...] (18743 теңге), А[...], П[...], У[...] (әр қайсысына 10252 теңгеден) қайтарылған;
жауапкерден мемлекет кірісіне 46189 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
«КТӨ[...]» ЖШС-гі өтінішхатында Шымкент қалалық сотының жасаған тұжырымдары істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге және сот отырысында анықталған мән-жайларға қайшы келетінін, қолдануға жататын құқықтық нормалары қолданылмағанын көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты оның 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулының күшін толығымен жойып, Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
«КТӨ[...]» ЖШС-гі өкілдерінің осы іс бойынша қабылданған апелляциялық сот сатысы қаулысының күшін жойып, аудандық соттың шешімін қалпына келтіріп, өтінішхатты толығымен қанағаттандыру туралы пікірлерін, талап қоюшылардың және олардың өкілінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сот алқасы қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Осы іс бойынша апелляциялық сот сатысымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан көрінгендей, 2015 жылғы 01 қазандағы № 165-л/с бұйрық және № 162 еңбек шарты негізінде А[...] «КӨ[...]» ЖШС-не жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін Ақбұлақ көлік учаскесінің автомобильдік кран жүргізушісі қызметіне қабылданған. Сонымен қатар, тараптардың араларында қосымша еңбек шарты жасақталған.
2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің А[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке дейін, ал 2017 жылғы 01 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. 2018 жылғы 28 қыркүйекте А[...], еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде «КӨ[...]» ЖШС-мен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 70-ж/қ бұйрығы негізінде А[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
2015 жылғы 25 тамыздағы № 3-л/с бұйрық негізінде А[...] «КӨ[...]» ЖШС-не 13 тарифтік разрядты арнайы техникаларды пайдалану жөніндегі автотізбек бастығы қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 24 тамызына дейін жұмысқа қабылданған.
2016 жылғы 25 тамызда «КӨ[...]» ЖШС-тің А[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 24 тамызға, 2017 жылғы 25 тамыздан – 2018 жылғы 24 тамызға дейін ұзартылған. 2018 жылғы 06 тамыздағы № 217-о бұйрық негізінде А[...] 2017-2018 жылғы жұмыс кезеңі үшін 2018 жылғы 15 тамыздан 30 тамызға дейін кезекті еңбек демалысы табыс етілген. 2018 жылғы 29 тамызда жұмыс берушімен А[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарлама мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған. «КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 53-ж/қ бұйрығы негізінде А[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 29 тамыздан бастап тоқтатылған. 2015 жылғы 01 қазандағы № 184-л/с бұйрық және еңбек шарты негізінде П[...] «КӨ[...]» ЖШС-не Ақбұлақ көлік учаскесінің арнайы техника машинисті қызметіне жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін қабылданған. Сонымен қатар, тараптардың араларында қосымша еңбек шарты жасақталған.
2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің П[...] еңбек қатынастары 2017 жылдың 30 қыркүйегіне дейін, ал 2017 жылғы 01 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған.
2018 жылғы 28 қыркүйекте П[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде жұмыс берушімен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 67-ж/қ бұйрығы негізінде П[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
2015 жылғы 01 қазандағы № 164-л/с бұйрық негізінде У[...] «КӨ[...]» ЖШС-не Ақбұрақ көлік учаскесінің құбыр төсеуіш машинисті қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін жұмысқа қабылданған.
2016 жылғы 01 қазанда «КӨ[...]» ЖШС-тің У[...] еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке, 2017 жылғы 01 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. 2018 жылғы 28 қыркүйекте У[...] еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, жұмыс берушімен тиісті акт жасақталған және хабарлама жұмыскердің мекен-жайы бойынша пошта арқылы жолданған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің сол күнгі № 71-ж/қ бұйрығы негізінде У[...] еңбек қатынастары 2018 жылғы 01 қазаннан бастап тоқтатылған.
«КӨ[...]» ЖШС-нің келісу комиссиясының 2019 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қоюшылардың арыздары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 159-бабымен белгіленген жүгіну мерзімнің өтуіне байланысты қараусыз қалдырылған. Талап қоюшылар, еңбек қатынастарының тоқтатылуымен келіспей сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жұмыс беруші мен жұмыскерлердің араларындағы еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шарттарының мерзімі аяқталуына байланысты заңды тоқтатылғаны жөнінде қорытындымен негіздеген.
Апелляциялық сот сатысы соттың бұл шешімімен келіспей, келесідей
тұжырымға келген.
Еңбек кодексінің 4-бабы 1), 8) тармақшаларына сай, адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу; жұмыскерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттары болып табылады.
Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сай, еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы жазбаша хабардар етпесе, осы Кодекстің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімін ұзартудың саны екі реттен аспайды.
Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Анықталғандай, 2018 жылғы 6 тамыздағы № 217-О бұйрық негізінде А[...] 2017 жылғы 25 тамыз бен 2018 жылғы 24 тамыз аралығында жұмыс жасаған кезеңіне 2018 жылдың 15 тамызы мен 29 тамызын қоса алғанда 15 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысы берілген.
Серіктестіктің Шымкент өндірістік филиалының 2018 жылғы 29 тамыздағы № 53ж/қ бұйрығымен, А[...] қолданыстағы еңбек заңнамасы талаптарына сай, алдын-ала еңбек шартының тоқтатылыны жөнінде ескертпестен, онымен арада 2015 жылғы 25 тамызда жасалған № 1 еңбек шарты тоқтатылған. А[...] еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты онымен еңбек қатынасы тоқтатылатыны жөнінде хабарлама 2018 жылдың 29 тамызында жолданған және дәл осы күні еңбек қатынасы тоқтатылған, яғни жұмыскер кезекті еңбек демалысында болған кезде. Жауапкер тарапының У[...], П[...], А[...] 2018 жылғы 28 қыркүйекте олармен арадағы жасалған еңбек шарттарының тоқтатылыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, бірақ, олар ескертуді алудан және бұйрықтармен танысудан бас тартқандықтан, сол жөнінде актілер түзілген деген уәждері апелляциялық сот алқасымен негізсіз деп табылған.
Өйткені, У[...], П[...], А[...] 2018 жылдың 28 қыркүйегінде, аптаның жұма күні өздерінің жұмыс орындарында болған және сол күні олар жұмыс берушінің кадр бөліміне шақыртылып, алдын ала еңбек шартының тоқтатылатыны жөнінде ескертілмеген. Сондай-ақ, олар 2018 жылдың 1 қазанында түске дейінгі уақытта жұмыс орындарында болып, өздеріне жүктелген еңбек міндеттерін атқарған. Осылайша, іс құжаттарынан және алқа отырысында белгілі болған мәнжайлардан, жауапкердің талап қоюшылармен арадағы еңбек шарттарын тоқтату кезінде қолданыстағы еңбек заңнамасы нормаларын өрескел бұзғаны анықталған.
Яғни, талап қоюшылар жұмыс берушімен араларындағы еңбек қатынастарының тоқтатылатындығы жөнінде тиісті түрде ескертілмеген.
Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасының талап қоюшылармен жасалған еңбек шарттарын тоқтату кезінде жұмыс берушінің тарапынан қолданыстағы еңбек заңнамасы өрескел бұзылуы, жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне және құқықтары мен мүмкіндіктері теңдігінің сақталмауына жол берілгені туралы тұжырымы дұрыс және іс материалдарымен дәлелденген.
Осыған орай, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Талап қоюшылар А[...], А[...], П[...], У[...] жауапкер «КӨ[...]» ЖШС-не бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«КӨ[...]» ЖШС-нің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов
Судьялар
Б. Жұмағұлов
Т. Молдахметова Көшірмесі дұрыс Судья Т.Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.