6001-23-00-3Г/5427(2)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 25 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж.Мырзаке,
«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме, Тапсырыс беруші) «BTA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік, Өнім беруші):
-мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану;
-24 025 983 теңге төленген соманы өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Серіктестіктен мемлекет пайдасына 24 025 983 теңге төленген сома және 720 779 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану бөлігінде талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатта жергілікті соттармен істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілердің күшін жойып, талап қоюды бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушының пікірінше іс бойынша жол берілген.
Іс материалдарының мазмұнына қарағанда, Мекеме мен Серіктестіктің арасында «Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы» бағасы 26 695 536 теңгеге 2020 жылғы 9 сәуірде №110 шарт жасалған (бұдан әрі - Ш[...]).
Серіктестікпен Ш[...] міндеттері 2020 жылғы 13 сәуірде орындалған, тауар қабылдап-алу актісімен қабылданған.
Өнім беруші Ш[...] көзделген 100 дана компьютердің (құрамына және бөлшектеріне) 36 айға кепілдеме берген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен Мекеменің талап қоюында 10 дана компьютерді техникалық ерекшелікке сай тауар жеткізбегені үшін Серіктестіктің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (Бұдан әрі - Заң) 12-бабының 4-тармағында көрсетілген отыз күндік мерзімін өткізіп жүгінуіне байланысты қанағаттандырудан бас тартылған.
2022 жылғы 18 қаңтардағы сот ұйғарыммен тараптар арасында жасалған бітімгершілік келісім бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Серіктестік 10 дана компьютерді өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттеме алған. Осы мерзімде 10 дана компьютер техникалық ерекшелікке сәйкес келмеген жағдайда, 10 компьютердің құны 2 669 553 теңге 60 тиын төлеу міндеттеме алған.
Мекеме Серіктестік тарапынан Ш[...] көзделген міндеттемелерін орындамағанын көрсетіп аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыруын Заңмен белгіленген отыз күндік мерзімін өткізіп алып жүгінуімен негіздеген.
Талап қоюдың жауапкерден 24 025 983 теңге төленген соманы өндіріп алу бөлігін қатағаттандыруын жергілікті соттар Өнім беруші Ш[...] бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.
Арызданушы соттардың мұндай тұжырымдарын заңсыз деп есетпейді.
Атап айтқанда, Серіктестікпен Ш[...] міндеттемелері 2020 жылдың 13 сәуірінде орындалған, тауар қабылдап-алу актісімен қабылданған. Серіктестік Ш[...] көзделген 100 дана компьютердің (құрамына және бөлшектеріне) 36 айға кепілдеме берген.
Талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және 24 025 983 теңге төленген қаржыны өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгініп, жауапкермен Ш[...] міндеттерін орындауда жеткізілген 90 дана компьютердің техникалық ерекшелікке сай келмейтіні және компьютердің 10 данасы, тышқанның 10 данасы, монитордың 3 данасы істен шыққаны 2022 жылдың 18 ақпанында бөлім тарапынан жүргізілген зерделеу қортындысымен анықталып, 2022 жылдың 21 ақпанында жауапкерге 2022 жылдың 9 наурызына дейін тауарлардың кемшіліктерін толық орындау туралы хабарлама жолданғанын, жауапкермен кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілбегені салдарынан білім беру процесіне кедергі келтіргенімен негіздеген.
Жауапкер талап қоюға жазбаша қарсы пікір келтіріп, талап қоюмен келіспейтінін, Ш[...] бойынша жауапкер техникалық ерекшелікке сай тауарды 2020 жылғы 13 сәуірде толық жеткізгені тауарды қабылдап-алу актісімен расталатынын, Ш[...] міндеттері орындалуы бойынша қаражат толық көлемде төленгенін, тауар жеткізілгеннен және актіге қол қойғаннан кейін екі жылға жуық уақыт өткен соң Ш[...] ерекшелігіне сәйкес келетін құрамдас компьютерлердің сақталуын қамтамасыз етуге жауапкер міндетті еместігін, тауардың құрамдас бөліктердің сақталуын қамтамасыз ету ауыртпалығы талап қоюшыға өткенін көрсеткен болатын.
Сондай-ақ, Ш[...] талаптарына сай, тауарды қабылдау кезінде техникалық ерекшелікке сай келмесе оны қабылдаудан бас тарту және қабылдаудың арнайы мерзімі ішінде тауардың техникалық ерекшелікке сәйкестігін тексеру міндеттері болғанын, алайда талап қоюшы үш жыл уақыттан кейін сотқа жүгінгенін көрсетіп, сол себепті талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Сонымен қатар, компьютерлерді тапсырған күннен бастап бір жыл өткен соң құрған комиссияның қорытындыларының заңды күші жоқ екенін атап кету керек және талапкердің өкілі айтқан 36 айлық кепілдік мерзімі тек осы кезең ішінде компьютерлер, олардың жиынтықтаушы бұйымдары дұрыс жұмыс жасауына кепілдік бергенін ескерген жөн.
Бұл кепілдік Ш[...] техникалық сипаттамаларына сәйкес компьютерлер Тапсырыс берушіге жеткізілгеннен және қабылдағаннан кейін Серіктестікті Ш[...] спецификациясына сәйкес компьютерлерді аяқтауға міндеттемейді, өйткені компьютерлер 2020 жылғы 13 сәуірде қабылданғаннан барлық тәуекелдер Ш[...] талаптарына сәйкес талапкерге өткен.
Сот процессі кезінде анықталғандай, жауапкер өкілінің талабы бойынша маман ретінде компьютерлік технологиялар саласында арнайы білімі бар Т.Беккалиев сот отырысында, тауардың техникалық ерекшелігіне сәйкестігін тексеру көп уақытты қажет етпейтіндігін, шамамен 1-5 минут аралығында компьютердің мониторы арқылы қажетті жүйелердің қызмет атқару белсендігін және сәйкестігін анықтау мүмкін екенін көрсеткен.
Бұған қоса, сот процессі кезінде жауапкер тарапынан, Жамбыл облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Департаментінің сотқа дейінгі тергеу амалдарының негізінде тағайындалған сот-трассалогиялық сарапатамасының қорытындысын ұсынған болатын және ол іс материалдарына тіркелген.
Аталған сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, жоғарыда аталған компьютерлердің барлығы дерлік ашып-шашылып, ішкі құрылыстары, яғни ішкі бөлшектері түгелдей ауыстырылғандығы анықталған.
Яғни, бұл талап қоюшының тарапынан компьютерлердің ішкі бөлшектерін өз бетімен қасақана ашып-шашып ауыстырған деген қорытындыға алып келеді.
Алайда жергілікті соттар бұл дәлелдемелерге ешқандай құқықтық баға бермеген.
Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы шешімін, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.