6001-23-00-6ап/1613
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 8 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкердің өкілі М[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) іс әрекетіне дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымына, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
С[...] сотқа жауапкердің 2023 жылғы 4 қаңтардағы №ЖТ2022-02836734 хатын жарамсыз деп тануды, колледждерде педагог (басшылық қызметке емес) болып жұмыс жасауға болатындығы туралы шешім шығару туралы талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтыңдығына орай қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, жауапкер өкілінің түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттарын және кассациялық шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-ның 4-бабымен әкімшілік акт - ол жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім екендігі қарастырылған.
ӘРПК-нің 4-бабы 1-тармағының 9) және 33) тармақшаларына сәйкес талап қоюшы өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.
Әкімшілік талап қою жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
ӘРПК-ның 102-бабының екінші бөлігіне сай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-мен көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Яғни, жеке немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін әкімшілік орган арасында жария-құқықтық қатынастар болуы шарт.
Жауапкер тарапынан талап қоюшыға қатысты әкімшілік акт қабылданбаған немесе әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасалмаған.
Жауапкердің талап қоюшыға берген жауап хаты әкімшілік акт болып табылмайды, талап қоюшының құқықтарын шектемейді.
Талап қоюшы жарамсыз деп тануды сұрап отырған хат әкімшілік акт еместігіне орай, ол талап қоюшыға қандай да бір міндеттемелерді жүктемейді, оның құқығын бұзбайды және шектемейді.
Сондықтан, жергілікті соттар жауапкердің хаты талап қоюшының құқықтарын шектемейді деген дұрыс тұжырымға келген.
Осы хатқа берілген жауап, әкімшілік рәсім оңайлатылған түрімен аяқталғанын көрсетеді. Бұл ретте сот алқасы әкімшілік органның оңайлатылған рәсім шеңберінде жасалған әрбір әрекеті (әрекетсіздігі) сот тәртібімен шағымдануға жатпайтынына назар аударады.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес сот (судья) егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық және дұрыс анықтаған, материалдық және рәсімдік-процестік заң нормаларын дұрыс қолданған.
Осыған орай, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіз жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымы, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.