Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5508 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-2к/5508 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Э.Джубаеваның, жауапкер Г.К.Борбекованың, оның өкілдері Б.К.Сералиевтың және Г.Ш.Киргизованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласының Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер дара кәсіпкер «Борбекова» атынан Гулайым Куришбаевна Борбековаға (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Басқарманың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған және одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Басқарманың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Басқарма кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасымен процестік және құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен осындай бұзушылықтарға жол берген.

АПК-тің 427-бабының 3-бөлігіне сай мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.

Анықталғаны, Басқармамен 2025 жылғы 6 наурызда «Тәрбиеленушілер мен білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтерін сатып алу бойынша №13840069-1 «Шымкент қаласының №144 мектептің тамақтану қызметтерін сатып алу» конкурсы жарияланған.

Бұл конкурсқа 19 әлеуетті өнім беруші, оның ішінде Кәсіпкерде қатысып, біліктілік талаптары бойынша аспазшы ретінде А.А.Анкееваны көрсеткен және оның аспазшы мамандығын растайтын орта кәсіптік білімі туралы дипломын ұсынған.

2025 жылғы 8 сәуірде №14723061 қорытынды хаттама негізінде аталған конкурстың жеңімпазы болып Кәсіпкер танылған. Алайда, 2025 жылғы 10 сәуірде осы конкурсқа қатысқан жеке кәсіпкер Э.Т.Тлемисовадан «Е-өтініш» порталы арқылы түскен шағымда Кәсіпкермен ұсынылған аспаз А.А.Анкееваға қатысты шындыққа сай емес мәліметтер бергені көрсетілген. Басқарманың 2025 жылғы 18 сәуірдегі сұрау хатына берген Оңтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасына қарасты №8 колледждің 2025 жылғы 21 сәуірдегі жауабына қарағанда 1986 жылғы 9 қыркүйек пен 1996 жылғы 1 шілде аралығын қамтитын №9 атаулы кітабына сәйкес А.А.Анкееваға аспазшы мамандығы бойынша диплом берілмегені және тіркелмегені расталған, сонымен қатар, оған «3-разрядты тігінші» мамандығына оқуды бітіргені жөнінде 2013 жылғы 8 ақпанда диплом дубликаты берілгені анықталған. Яғни, аспазшы ретінде ұсынылған А.А.Анкеевада аспаз мамандығы бойынша тиісті білімі мен біліктілігі жоқ екендігі, бұл мамандық бойынша оқу орнымен оған диплом берілмегені, Кәсіпкер біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат бергені дәлелденген. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою жөніндегі тұжырымын бірінші сатыдағы сотпен дау бойынша қолдануға жатпайтын «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылғанына, ұсынылған төрт аспазшының біреуінің аспазшы мамандығы бойынша диплом алмағаны конкурстың қорытындысына әсер етпегеніне негіздеген.

Алайда, апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымдары қате болып табылады.

Шын мәнінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында біл ім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша

көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.

Кәсіпкер тарапынан біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беру түріндегі заң бұзушылықтардың орын алу фактісі Оңтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасына қарасты №8 колледждің жауабымен, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 маусымдағы талап қоюшы жеке кәсіпкер Э.Д.Тлемисованың жауапкер Басқармаға №13840069-1 «Шымкент қаласының №144 мектептің тамақтану қызметтерін сатып алу» конкурсының қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша шығарылған шешіммен дәлелденген. Негізінде, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың да, Қағиданың да талаптары мен мақсаттары ретінде мемлекеттік қаржыны және бюджетті тиімді басқару бойынша құқықтық негіздер құру арқылы бәсекелестікті және адал өнім берушіні (қатысушыны) қолдау, жосықсыз өнім берушілердің (қатысушылардың) тізімін жүргізу және олардың заңсыз қызметтерін тыю болып табылады.

Басқарманың талап қоюына қарағанда ол сотқа берген талабын Қағида талаптарына негіздегені көрінеді, тиісінше АПК-тің 225-бабының 2-бөлігіне сай сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешуі тиіс. Өз кезегінде, Кәсіпкермен көрсетілетін қызмет әлеуметтік маңызы бар қызмет болып табылады, көптеген кәмелетке толмаған балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты, ал тиісті біліктілігі жоқ тұлғамен кәмелетке толмаған балдарға жыл бойы ас әзірленуі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, аталған конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу» Қағидасының 20-тармағының 4) тармақшасында белгі ленгендей балалар санына қарай аспазшы саны 3 адам

болуы жеткілікті екенін, ал Кәсіпкер 4 аспазшының құжаттарын тапсырғанын, яғни А.А.Анкееваның дипломы жалған болғаны баға ұсынысына және конкурс нәтижесіне әсер етпейді деген апелляциялық сатыдағы соттың уәждері негізсіз. Қағидада өнім берушіні жосықсыз беруші деп тану үшін дұрыс емес ақпарат берудің салдары баға ұсынысына әсер етуі тиіс деген норма жоқ, конкурстық құжаттамада жалған мәлімет берілгені жеткілікті. Осы конкурстың ерекшелігі - конкурсқа тұрақты баға ұсынылады және ол баға өзгертілуге жатпайды, өйткені бекітілген норматив бойынша ақша қаражаты әр балаға нақты сомада бөлінеді, тиісінше бала санына қарай тамақтандырудың жалпы тұрақты бағасы да айқындалады және әр бір баланы нормативтен төмен тамақтандаруға жол берілмейді.

Өз кезегінде, өнім берушінің штатында неғұрлым аспазшы саны көп және олардың еңбек өтілі үлкен болса конкурстың қорытындысымен ондай өнім берушіге үлкен балл беріледі, нәтижесінде конкурстың жеңімпазы болуына мүмкіншілігі арта түседі.

Істің мұндай тұрғысында, құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқпағанын және Кәсіпкердің дұрыс емес ақпарат ұсынғанын ескере отырып, бірінші сатыдағы сот талап қою қанағаттандырылуға жатады деген заңды әрі негізді тұжырым жасаған.

Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Шымкент қаласының Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.