Қ А У Л Ы
2025 жылғы 14 қазан 6003-25-00-2к/1315 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшы С[...], жауапкер К[...] және оның өкілі К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар С[...] мен С[...] жауапкер К[...] тұрғын үйден шығару туралы, қарсы талап қоюшы К[...] жауапкерлер С[...] мен С[...] шартты бұзу және ақшаны өндіру туралы азаматтық істі талап қоюшылар С[...], С[...] Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
С[...] мен С[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда С[...] мен К[...] арасында жылжымайтын мүлікті міндетті түрде сатуды қамтамасыз ету жөнінде кепілпұл шарты жасалған, алайда, жауапкер сол шарттың талабын бұзып, мүліктің толық құнын төлеуден немесе сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартты, қазіргі кезде даулы тұрғын үйде жауапкер заңсыз тұрып жатыр деп негіздеген.
Өз кезегінде, жауапкер К[...] сотқа қарсы талап қоюмен жүгініп, онда С[...] даулы тұрғын үй мен ол орналасқан жер учаскесін сәйкестендіру актісінде көрсетілген нысанға және көлемге сай сатусатып алуға ниет етіп, араларында кепілпұл шарты жасалған. Тұрғын үйді жақсарту үшін елеулі мөлшерде қаражат жұмсаған, бірақ, кейіннен тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне қатысты іргелес жатқан жер учаскесінің меншік иесімен арада дау бар екені белгілі болғанын көрсеткен.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен .С[...] мен С[...] талап қоюы қанағаттандырылған. К[...] - Шымкент қаласы, Ынтымақ-2 шағынауданы, Сарқан көшесі, №[...] үйден (бұдан әрі - тұрғын үй жер учаскесімен) еріксіз түрде шығарылған.
К[...] қарсы талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
С[...] мен К[...] арасында 2023 жылғы 19 сәуірде жасалған, реестерде №1529 болып тіркелген кепілпұл шарты бұзылған. С[...] К[...] пайдасына 16 150 000 теңге өндірілген. Қарсы талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстары мәселесі шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда С[...] С[...] істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, қарсы талап бойынша сот актілерінің күшін жоюды, қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, ісқұжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 188бабының 2-тармағына сәйкес меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Іс құжаттарына сәйкес, 2016 жылғы 12 ақпандағы сатып алу-сату шартының негізінде, тұрғын үй жер учаскесімен С[...] мен С[...] жеке меншік құқығымен тиесілі.
2023 жылғы 19 ақпанда С[...] мен К[...] арасында нотариуспен куәландырылған кепілпұл келісім шарты (бұдан әрі - кепілпұл шарты) жасалып, оның шарттары бойынша тараптар тұрғын үйді жер учаскесімен 30 000 000 теңгеге бағалап, К[...] сатылатын мүліктің құнының 12 500 000 теңгесін С[...] беріп, қалған 17 500 000 теңгесін 2023 жылдың 30 мамырынан 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін ай сайын 729 167 теңгеден төлеуге міндеттеме алған.
Сотта тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне қатысты іргелес жатқан жер учаскесінің меншік иесімен арада дау туындауына байланысты, К[...] 2023 жылғы қыркүйегінен ай сайынғы төлемді төлеуді тоқтатқандығы, тұрғын үйде жауапкер К[...] өзінің отбасымен бірге тұратындығы және үйді өз еркімен босатудан бас тартқандығы анықталған.
АК-нің 260 бабында меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 8-бабының талаптарына сәйкес азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар С[...] мен М.С[...].К[...] тұрғын үйден шығару туралы талап қоюы қанағаттандырылғаны заңды.
Жергілікті соттардың К[...] қарсы талап қоюын ішінара қанағаттандыруға жатады деген қорытындысы келесі себептермен негізді болып табылады.
Кепілпұл шартының 7-тармағында осы келісімшарт жасалғанға дейін тұрғын үй жер учаскесімен ешкімге сатылмағаны, кепілге қойылмағаны, оған даулардың жоқтығы және тыйым салынбағаны көрсетілген. Алайда, тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне қатысты іргелес жер учаскесінің меншік иесі М[...] арада дау бар екендігі К[...] белгілі болмағаны, сол кезден бастап кепілпұл шарты бойынша С[...] ай сайынғы төлем жасауды тоқтатқандығы анықталған.
Сотта С[...] жер учаскесіне қатысты М[...] арасындағы дау бүгінгі күнге дейін түпкілікті шешілмегендігін жоққа шығармады.
АК-нің 403-бабының 5-тармағына сай, егер шартты бұзуға немесе өзгертуге бiр тараптың шартты едәуiр бұзғаны негiз болса, екiншi тарап шарттың бұзылуынан немесе өзгертiлуiнен келтiрiлген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар, К[...] шарттан бас тартып, оны бұзуға және залалдың толық өтелуін талап ету құқығын тудыратындығы жөнінде дұрыс түйінге келіп, С[...] К[...] пайдасына шарт бойынша төленген 16 150 000 теңгені негізді өндірген.
С[...] шағымда көрсетілген уәждері жергілікті сотта келтірген дәлелдерге ұқсас, апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген, заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшылар С[...], С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар:
В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.