ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1476 (Административное)

6001-24-00-6ап/1476

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

талап қоюшы Жарылқапов Талғат Сериковичтің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына Шымкент қаласының 106 есеп кварталы аумағының электрондық картасынның көшірмесін беруді және сұрау салу бойынша қажетті құжаттарды талап етілетін материалдарды немесе мәліметтерді заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбағаны не ұсынудан бас тартқаны үшін шара қолданып, әкімшілік хаттама толтыруды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Т.С. Жарылқапов сотқа аталған талап арызбен жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі ұйғаруымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда қарауға жолдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер өкілдері кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Яғни әкімшілік іс жүргізу тәртібінде әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе іс-әрекет қаралуға жатады.

ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігі 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Іс құжаттарына қарағанда, 2024 жылғы 17 қаңтарда талап қоюшы заң консультанты ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына (бұдан әрі - Филиал) мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінің графикалық деректері бойынша Шымкент қаласының 106 есеп кварталының аумағының электрондық картасын беруді және сұрау салу бойынша қажетті құжаттарды талап етілетін материалдарды немесе мәліметтерді заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбағаны не ұсынудан бас тартқаны үшін жеке ұйғарым қабылдап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 668 бабының негізділігімен әкімшілік хаттама толтыру үшін Әділет департаментіне жолдауды міндеттеу туралы арызбен жүгінген.

2024 жылғы №ЖТ-2024-02887420 санды хатпен Филиал Т.Жарылкаповқа сұрап отырған мәліметтерді http://map.gov.4c.kz./egkn «Жылжымайтын Мүліктің Біріңғай Мемлекеттік Кадастры» сайты арқылы көруге мүмкіншілік ашылғаны туралы жауап берген.

Талап қоюшы Т.Жарылқапов Филиал директорының орынбасары Б.Коржынбаевтың адвокаттық кеңсенің, заң консультантының заңды қызметін жүзеге асыруына жазбаша сұрау салу бойынша берілген жауабымен келіспей, Б.Қоржынбаевқа жеке ұйғарым қабылдап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 668-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтыру үшін Әділет департаментіне жолдауды міндеттеу туралы талаппен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап арызды кері қайтару туралы шешім қабылдағанда, тараптардың арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды, себебі тарап арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан туындамаған, жауапкердің жауап хаттары ақпараттық-түсіндіру сипатына жатады деп есептейді.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының Жарылқапов Талғат Сериковичтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.