ВС РК - Постановление от 14.11.2019 по делу 6001-19-00-6кг/76 (Об административном правонарушении)

көшірмесі

6кг-76-19

2019 жылғы 14 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева,

судьялар А. Рахметулин, М. Балкен,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

уәкілетті органың өкілдері Қ[...], Ж[...],

өтініш беруші А[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Х[...] (K[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен Х[...] (K[...]) ӘҚБтК 517-бабының 4- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қабылданған сот қаулысымен соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылғандығы көрінеді.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы Х[...] 2014 жылғы 12 қарашаға дейінгі мерзімге Қазақстан аумағында тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, үш тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот Х[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және іс бойынша зерттелген дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкешілікке тартқан. Сот Х[...] әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған. Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынуында сот қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылғандығы, Х[...] жазасын өзгертіп, айыппұл тағайындау көрсетілген.

Алқа, өтініш беруші А[...], уәкілетті органың өкілдері мен прокурордың ұсынысты қолдаған пікірлерін тыңдап, аудандық соттың қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 40-бабы бойынша әкімшілік жаза әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадірқасиетін қорлауды мақсат тұтпайды.

Сот, осы көрсетілген талаптарды іс қараған кезде сақтамаған.

Себебі, Х[...] Қазақстан Республикасының азаматшасы бес балалы (үш баласы асырап алынған) А[...] заңды некеге отырып, Қазақстан Республикасында осы отбасымен 2013 жылдан бері бірге тұрады. Тіркелген құжаттарға сәйкес, балалар Қазақстан Республикасында туылған. Сондай-ақ, Х[...] осы отбасының асыраушысы болып табылады.

Сонымен қатар, А[...] Х[...] туыс қарындасының үш баласын асырап алған.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында туған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Сондықтан, Х[...] Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу оның заңды некедегі отбасына қиындықтар туғызады.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзышылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.

Істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот аталған мән-жәйларға және заң талаптарына қажетті көңіл бөлмей, Х[...] ең ауыр жаза тағайындаған.

Мұндай жағдайда, аудандық соттың қабылданған қаулысы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігі бойынша өзгертіліп, айыппұл салуға жатады. Және, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Х[...] (K[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін.

Х[...] (K[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 25253 (жиырма бес мың екі жүз елу үш) теңге әкімшілік айыппұл салынсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар М. Балкен

А. Рахметулин

Көшірмесі дұрыс

А. Рахметулин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.