ВС РК - Постановление от 14.06.2022 по делу 6001-22-00-3ГП/180 (Гражданское)

6001-22-00-3ГП/180

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 14 маусым Нұр - Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К. Шəріпов, судьялар Ғ.Ж. Мырзаке, Н.Қ. Сұлтанов,

прокурор Д[...],

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі - Мекеме, Салық органы) өкілі С[...],

«АМХ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі - ЖШС) өкілі А[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Мекеменің жауапкерлер «АМХ[...]» ЖШС-не, «AБ[...]» ЖШС-не, «Ш[...]» ЖШС-не, «CCC[...]» ЖШС-не, «ПЦС[...]» ЖШС-не, «CG[...]» ЖШС-не, «G[...]» ЖШС-не:

-«АМХ[...]» ЖШС мен «AБ[...]» ЖШС-нің арасындағы 766 080 теңгеге 2019 жылғы 1 сəуірдегі №7 жəне 4 138 848 теңгеге 2019 жылғы 2 сəуірдегі №8 азық-түлік тауарларын жеткізу жөніндегі шарттарын; -«АМХ[...]» ЖШС мен «CG[...]» ЖШС арасындағы 32 929 542 теңгеге 2019 жылғы 1 ақпандағы №5 автокөлік қызметін көрсету жөніндегі шартын;

-«АМХ[...]» ЖШС мен мен «G[...]» ЖШС арасындағы 43 632 002 теңгеге 2019 жылғы 1 ақпандағы №7 автокөлік қызметін көрсету жөніндегі шартын;

-«АМХ[...]» ЖШС мен мен «ПЦС[...]» ЖШС арасындағы 9 839 997 теңгеге 2019 жылғы 1 ақпандағы №4 автокөлік қызметін көрсету жөніндегі шартын;

-«АМХ[...]» ЖШС мен «Ш[...]» ЖШС арасындағы 70 560 000 теңгеге екінші кезеңдегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының (Бейнеу-Бозой учаскесі 0-311кв.) трасса бойындағы (қызметтік) өткелін салу жəне пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды орындауға 2019 жылғы 3 қаңтардағы №1-с қосалқы мердігерлік шартын;

-«АМХ[...]» ЖШС мен «CCC[...]» ЖШС арасында 1 324 416 155 теңгеге техникалық жəне сервистік қызмет көрсету жөніндегі 2019 жылғы 8 қаңтардағы №1 шартты жəне 2019 жылғы 1 наурыздағы оған қосымша жасалған №1 шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы Мекеменің келтірген өтінішхатымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мекеме жауапкерлерге қатысты жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

«АМХ[...]» ЖШС мен «AБ[...]» ЖШС арасындағы 2019 жылғы 1 сəуірдегі № 7 жəне 2 сəуірдегі № 8 жасалған шарттар жарамсыз деп танылған.

«АМХ[...]» ЖШС-нен жəне «AБ[...]» ЖШС-нен,

əрқайсысынан мемлекет кірісіне 1 459 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген. Талап қою арыздың қалған бөліктері қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2021 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мекеме өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мəн-жайларына сəйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы Мекеме өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсылығын, прокурордың өтінішхатты қолдау туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уəждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

А[...] іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Сотпен анықталғандай , жауапкерлердің арасында даулы келісімшарттар жасалған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 26 қарашадағы шешімімен «AБ[...]» ЖШС банкрот деп танылып, банкроттық рəсімі қозғалған.

Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2021 жылғы 4 мамырдағы шығыс №ЭТД-17-04-02/1938 хатына сəйкес «АМХ[...]» ЖШС-нің басшыларына қатысты Қазақстан

Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігімен, 235-бабымен тергеп-тексеру басталып, оның мерзімі ұзартылған.

Салық органы даулы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгініп, олар тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғанын, себебі «АМХ[...]» ЖШС-нің оларды іс жүзінде орындауға материалдық-техникалық базасы, қызметкерлері мен активтері, экономикалық қажетті материалдық ресурстарының көлемі жеткіліксіз болғанын көрсеткен.

Жергілікті соттар, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын «АМХ[...]» ЖШС-нің басшыларына қатысты тергептексеру аяқталмағанымен жəне оның «AБ[...]» ЖШС-пен жасалған тауарларды жеткізу туралы шарттар бойынша тауарлардың болғаны жөнінде дəлелдемелер ұсынылмағанымен негіздеген.

Өз кезегінде, «АМХ[...]» ЖШС-нің «Ш[...]» ЖШС-мен, «CCC[...]» ЖШС-мен, «ПЦС[...]» ЖШС-мен, «CG[...]» ЖШС-мен, «G[...]» ЖШС-мен жасалған шарттарды жарамсыз деп тану бөлігінде талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруға, олардың заң нормаларына сəйкес жасалып, орындалғаны шотфактуралармен, төлем құжаттарымен, банктік есеп шот айналымымен, өзара салыстыру актілерімен, техникалардың болуымен, атқарылған жұмыстардың актілерімен расталғаны негіз болған.

А[...] жергілікті соттардың Мекеменің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінде тұжырымдарымен келісуге болмайды. АПК-нің 412-бабына сəйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар жəне осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сəйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мəн-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 413-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделгендей сот істi апелляциялық тəртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының 2-бөлігіне сəйкес ұсынылған дəлелдемелерге мəлімделген талап қою шегінде баға береді.

Апелляциялық сот алқасымен аталған нормалардың талаптары сақталмаған.

Атап айтқанда, апелляциялық алқа бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексермеген. Мекеменің талап қою арызын қанағанаттандырусыз қалдырған бөлігіндегі тұжырымдары іс үшін маңызы бар мəн-жайларға сəйкес келмейді.

Қазақстан Республикасы Конституцияның 13-бабының 1-бөлігімен əркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тəсілдермен қорғау құқығы бекітілген. Мұндай тəсілдердің бірі мəмілені жарамсыз деп тану болып табылады.

«Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 19-бабы 1- тармағының 10) тармақшасына сəйкес салық органдары сотқа мəмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арызыменен жүгінуге құқылы. Бұл ретте Салық кодексі осы құқықты жалған шот-фактураларды жазып берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы қылмыстық жəне (немесе) əкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша шешімдердің болуы не болмауымен байланыстырмайды.

Егер мəміле мақсатының құқыққа қайшылығы соттың үкімімен белгіленсе, мұндай мəміле Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - Азаматтық кодекс) 158-бабының 2-тармағы бойынша маңызсыз деп танылады.

А[...] бұл ретте де талап қоюшының мəмілені жарамсыз деп тануды талап ету құқығы əрқашан сақталады.

Бұл «Мəмілелер жарамсыздығының жəне олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мəселелері туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 1-тармағында тікелей түсіндірілген - мəміленің заңмен мəніссіз деп анықталуы мүдделі адамның осындай мəмілені сот арқылы жарамсыз деп тануды талап етуіне кедергі болмайды.

Сондықтан қорғанудың азаматтық-құқықтық тəсілдерін қолдану мүмкіндігі қылмыстық қудалауға тəуелді болып табылмайды.

АПК-нің 15-бабының 2-бөлігіне сəйкес тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тəсілдері мен құралдарын өз бетінше жəне соттан, іске қатысатын басқа да адамдардан тəуелсіз таңдайды.

Салық органы мен салық төлеушінің арасындағы қарым-қатынас салық заңнамасымен реттеледі жəне ол билік ету мен бағынуға негізделген.

Ал мəмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ұсынылған.

Қолданыстағы заңнама аталған құқықты жүзеге асыру үшін қандай да бір шарттарды көздемейді, салық органына мұндай талап арыздарды ұсынғанға дейін салықтық тексеру жүргізу немесе мемлекеттік бақылаудың өзге де формаларын қолдануға міндеттемейді.

Өз кезегінде, күмəнді операциялардың жасалу белгісі тексеру барысында да, соттың шешімімен де анықталуы мүмкін.

Сол себепті талап қоюшының «АМХ[...]» ЖШС мен «CG[...]» ЖШС, «G[...]» ЖШС, «ПЦС[...]» ЖШС, «Ш[...]» ЖШС жəне «CCC[...]» ЖШС арасында жасалған мəмілелердің жарамсыздығы жөнінде талаптар заң шеңберінде қойылған.

Салық салу мақсатына шарттың заң талаптарына сəйкес келуі ғана емес, сонымен қатар шынайы бухгалтерлік құжаттармен расталған өзара есеп айырысудың болуы маңызды.

АПК-нің 73-бабының 2-бөлігіне сəйкес салық органының талап арызын дұрыс шешу үшін қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын, алғашқы құжаттардың шынайылығын, еңбек жəне материалдық ресурстардың жеткілікті болуын анықтау қажет болған, ал мұндай əрекеттер жергілікті соттарменен жасалмаған.

Аазаматтық кодекстің 147, 148-баптарында көрсетілгендей, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған əрекеттері мəмілелер деп танылады.

Бұл ретте мəмілелердің өздері қаржы-шаруашылық операциялардың шындығының даусыз дəлелі болмайды. Шартты жасасу тараптар азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін (өзгертуге немесе тоқтатуға) келісімге келгенін ғана көрсетеді.

«Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сəйкес көлікпен жеке жəне заңды тұлғаларға қызмет көрсету салаларындағы жекелеген қызмет түрлері немесе əрекеттер (операциялар) лицензиялауға жатады.

Осы заңның 36-бабының 6-тармағына сəйкес жолаушыларды автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия (немесе) лицензияға қосымша берудің ерекше шарттары «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде лицензиат жолаушылар мен багаж тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралының маркасы, шығарылған жылы жəне мемлекеттік тіркеу нөмірі көрсетіледі.

А[...] «АМХ[...]» ЖШС-нің даулы шарттар бойынша лицензиясыз автокөлік қызметін көрсеткеніне қатысты уəждерге соттар тиісті баға бермеген.

Бірінші сатыдағы соттың «АМХ[...]» ЖШС мен «Ш[...]» ЖШС арасында екінші кезеңдегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының (Бейнеу-Бозой учаскесі 0-311кв.) трасса бойындағы (қызметтік) өткелін салу жəне пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды орындауға қосалқы мердігерлік шарт жасалып, «АМХ[...]» ЖШС қосалқы мердігер ретінде жұмыстарды атқарғаны жөнінде уəждерімен келісуге болмайды, өйткені «АМХ[...]» ЖШС-нің аталған жұмыстарды орындауға тиісті лицензиясы болмаған.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағында көзделгендей Қазақстан Республикасының аумағында сəулет, қала құрылысы жəне (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке жəне заңды тұлғалар (бiрлескен кəсiпорындарды қоса алғанда) ғана құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады.

Қарастырылып отырған жағдайда АПК-нің 72-бабының талаптарына қайшы, көлік құралдарының тасымалдауын, тиеуді жəне түсіруді, тауардың

алынғаны туралы тиісті түрде рəсімделген жолдама парақтар мен тауар-көлік жүкқұжаттар «АМХ[...]» ЖШС-мен ұсынылмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, жауапкер «АМХ[...]» ЖШС «CCC[...]» ЖШС арасында жабдықтарға техникалық жəне сервистік жұмыс пен қызмет көрсету туралы 2019 жылғы 8 қаңтардағы №1 шарт жасалып, оның негізінде 3 607 172 465 теңге сомасының жұмыстарына электронды шот-фактура жазылған.

Ал соттар тек 1 486 282 624 теңге құрайтын келісім шарттарға ғана баға беріп, қалған 3 945 471 465 теңге құрайтын мəмілелердің заңдылығын зерттемеген.

Сонымен қатар, «АМХ[...]» ЖШС «CCC[...]» ЖШС арасында жабдықтарға техникалық жəне сервистік жұмыс пен қызмет көрсету туралы 2019 жылғы 8 қаңтардағы №1 шарт жасалған.

Аталған шартты орындау үшін «АМХ[...]» ЖШС жəне GPSSpraykote General Trading LLC (Б[...]) арасында тоңазытқыш, ыдыс жуғыш жəне кір жуу жабдықтары бойынша жұмыстар мен қызметтер көрсету туралы 2019 жылғы 25 ақпандағы №DCT-002 шарты бойынша 2019 жылғы 28 ақпандағы №1, 2019 жылғы 4 наурыздағы №2, 2019 жылғы 29 наурыздағы №3, 2019 жылғы 25 сəуірдегі №4 əрқайсысы 1 170 966 400 теңгеге атқарылған жұмыстар туралы актілері рəсімделген.

А[...], «АМХ[...]» ЖШС тарапынан GPSSpraykote General Trading LLC (Б[...]) мекемесіне қаржының нақты аударылғанын растайтын дəлелдеме сотқа ұсынылмаған.

Даулы мəмілелердің мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтіні, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мəмілелер екені, яғни олар тек салық ауыртпалығын оңтайландыру үшін қаржылық жəне шаруашылық операцияларын жүзеге асырудың сыртқы түрін құру мақсатында мемлекет алдында өз міндеттемесінен жалтару үшін жасалғаны жөнінде Мекеменің уəждеріне жергілікті соттар тиісті құқықтық баға бермеген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мəн-жайлар өз дəлелін тапты деп санайды. Апелляциялық сатыдағы соттың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне əкеп соққан.

Бұл жағдайда, алқа апелляциялық сот алқасы қаулысының бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күшін жойып, бұл бөлігінде істі Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жіберу қажет деп санайды.

Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мəн-жайын толық, жан-жақты жəне объективті түрде тексеріп, жиналған дəлелдемелерге материалдық жəне процестік құқық нормаларына сəйкес дұрыс баға беріп, мəміле тараптарының арасында орын алған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданып, заңды жəне негізді шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

Сот актісінің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешімінің талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігін өзгеріссіз қалдырған бөлігінде күші жойылсын.

Бұл бөлігінде азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.

Сот актісінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шəріпов Судьялар Ғ. Мырзаке Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.