ВС РК - Постановление от 12.11.2024 по делу 6001-24-00-3гп/449 (Гражданское)

6001-24-00-3гп-449

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 12-қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзакенің,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Д.С.Ошақбайдың,

жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі М.О.Битемировтің, «PRIME Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері А.Ш.Фаритов пен Д.Б.Байкеновтің,

аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент), жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Полиция департаменті), «PRIME Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Департаменттің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлер арасындағы 2023 жылғы 23-тамызда жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 12-желтоқсандағы шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкерлердің арасында 2023 жылы 23-тамызда жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт жарамсыз деп танылған.

Серіктестіктен мемлекет пайдасына 1 725 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылып, Департаменттің талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өтінішхатта Департамент апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты оның күшін жоюды сұраған.

Серіктестік өтінішхатқа қарсы пікірінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша Департамент өкілі Д.С.Ошақбайдың өтінішхатты қолдаған түсінігін, Полиция департаменті мен Серіктестіктің өкілдері М.О.Битемировтің, А.Ш.Фаритов пен Д.Б.Байкеновтің дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, оған қарсы пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.

Іс құжаттарына қарағанда Департаменттің талап қоюы Шымкент қаласының прокуратурасынан 2023 жылы 12-қазанда Полиция департаментімен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарының бұзылғаны және оны жою туралы ұсыныс келуімен негізделген.

2023 жылы 23-тамызда Полиция департаменті Заңның 39-бабының 3-тармағы 3) тармақшасының негізінде «Бағдарламалықақпараттық кешен» бойынша Серіктестікпен 1 805 440 000 теңгеге тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бойынша шарт (бұдан әрі – Шарт) түзгені анықталған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, даулы Шарт бойынша алынатын тауарлар зияткерлік меншік объектісі болып табылмайды, сондықтан ол тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен заңсыз жасалған деп көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың түйінімен келіспей, оның күшін жойып, жаңа шешім қабылдап талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, өзінің қорытындысын аталған Шарт өнім берушінің зияткерлік меншік объектісіне уақытша айрықша құқығының болуымен және оның орындалуымен негізделген.

Заңның 39-бабының 3-тармағы 3) тармақшасына сай мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады: сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алу.

Заңның 41-бабы 3 және 4-тармақтары бойынша тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған нысан бойынша, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті.

Есепте мыналар қамтылуға тиіс:

  1. мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу туралы шешім қабылдаған лауазымды адам туралы мәліметтер;

  2. осы Заңның 13-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген өзге де тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың мүмкін болмауы себептерінің негіздемесі;

  3. өнім берушіні таңдау негіздемесі;

  4. мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт бағасының негіздемесі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттың өзге де талаптары.

Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам не орталық мемлекеттік органның аппарат басшысы немесе аппарат басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам қабылдайды.

Іс құжаттарынан Полиция Департаментінің ерекше тәртіпті қолдана отырып (007-015-414. Машиналар, жабдықтар, өндірістік және шаруашылық мүккамал құралдарын сатып алу) мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу туралы хабарлама бергені анықталған және оған қатысуға 21 әлеуетті өнім берушіден өтінім келіп түскен.

Демек, бірінші сатыдағы сот конкурсқа қатысуға ынталы балама жеткізушілер болған деген түйінге дұрыс келген.

Мемлекеттік сатып алудың негізгі нысаны «Бағдарламалық-ақпараттық кешен», Қысқа сипаттамасы: желілік инфрақұрылымның қауіпсіздігі және қауіпсіздік оқиғалары, оқиғаларды талдау процесін автоматтандыру туралы ақпаратты басқару үшін; Қосымша сипаттамасы: қоғамдық және жол қауіпсіздігін бейнебақылау жүйесі (желілік учаскелердегі автоматтандырылған жол кешендері-75 бақылау аймағында автомобиль трафигін тіркеу және жылдамдық режимін бұзу, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамау белгілері бар оқиғаларды анықтау, 300 камера), қоғамдық бақылау камералары-1 200 бейнебақылау камералары, деректерді өңдеу орталығының жабдықтары.

Полиция департаменті өзінің мемлекеттік сатып алу веб-порталында Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастырғанын және ол есеп Заңның 41-бабы 3 және 4- тармақтарында көрсетілген талаптарға сай келетінін дәлелдейтін деректерді сотқа ұсынбаған.

Істі қарау барысында жауапкерлердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер пайдалану керек болған соң, тікелей бір көзден алу тәсілін қолданғаны туралы уәждері өзінің бекуін таппаған.

Сот отырыстарында Полиция департаменті мемлекеттік сатып алудың техникалық ерекшелігіне «Мерген», «Сергек» жылдамдықты өлшеу бағдарламаларын емес, бағдарламалық ақпараттық кешенді, яғни жалпы қоғамдық және жол қауіпсіздігін бейнебақылау жүйесін, деректерді өңдеу орталығының жабдықтарын сатып алғаны дәлелденген және ол жақтармен теріске шығарылмаған.

Аталған жабдықтар Шарттың техникалық ерекшелігінің талаптарына сай интеграция жасалуы, яғни Полиция департаментінің бұрын орнатылған жалпы бағдарламасына оларды қосу арқылы жүзеге асырылатыны анықталған.

Істің мұндай тұрғысында кассация сатысындағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың Полиция департаменті мемлекеттік сатып алуды бір көзден жүзеге асыру кезінде Заңның 13-бабының 1-тармағының, 39-бабының 3-тармағы 3) тармақшасының, 41-бабының 3-тармағының ережелерін бұзған деген түйінімен келіседі.

Заңның 4-бабының 2) тармағына сай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру қағидатына негізделеді.

Демек, Полиция департаменті жоғарыда аталған Заң қағидатын бұзып, ерекше конкурс жариялап, бірақ оған қатысуға әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндік бермей, Серіктестікпен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру арқылы негізсіз Шарт түзген.

Сол себепті сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың Серіктестік авторлық шарт негізінде интеллектуалдық меншік санатына жататын «Бағдарламалық-ақпараттық кешеннің» айрықша құқығына уақытша жалғыз пайдаланушысымен Шарт түзгенін және оның орындалып, құрылғылар жеткізіліп, материалдық шығындар бар екені туралы түйінімен келіспейді, өйткені ол Заң талабына және іс үшін маңызы бар мән-жайларға сай келмейді.

Іс құжаттарында Шарттың орындалғаны, Серіктестіктің қандай да бір материалдық шығындары болғаны туралы деректер және оны растайтын дәлелдер жоқ.

Алқа отырысында Серіктестіктің өкілі А.Ш.Фаритов жұмыстардың орындалғаны жөніндегі Полиция департаментінің қол қойған актілерінің бар екенін, бірақ бағдарламалық ақпараттық кешен жүйесінің толық іске қосылмағанын, сондықтан оны тапсырыс беруші қабылдап алғаны туралы актінің жоқ екенін көрсеткен.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігіне сәйкес істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді, сол себепті қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылады.

АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай, істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін өтініш берген кезде Департаменттің мемлекеттік баж төлеуден босатылуына байланысты, мемлекеттік баж жауапкерлерден мемлекет кірісіне өндірілуге жатады.

Сондықтан Полиция департаменті мен Серіктестіктің әрқасысынан мемлекет кірісіне 462 теңгеден мемлекеттік баж өндіріледі.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылы 19-наурызда осы іс бойынша шығарған қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылы 12-желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі мен «PRIME Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет кірісіне әрқайсынан 462 (төрт жүз алпыс екі) теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.