ВС РК - Постановление от 29.06.2022 по делу 6001-22-00-6кп/54 (Об административном правонарушении)

6кп-54-22

ҚАУЛЫ

29 маусым 2022 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотынының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья А.Қыдырбаева, судьялар Н.Жолдасбеков, М.Омарбекова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],

Әкімшілік жауаптылыққа тартылған Т[...], оның қорғаушысы-адвокат Ж[...],

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция Департаментінің Мұғалжар аудандық полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] қатысуларымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс құралын қолдану арқылы Ақтөбе облысы, [...] сотының 2021 жылғы 28 қазандағы және Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен

Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 608бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Ақтөбе облысы, [...] сотының 2021 жылғы 28 қазандағы қаулысымен Т[...] ӘҚБтКнің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 (он бес) тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады деген уәждерді келтіріп, оны кассациялық тәртіпте қайта қарауды сұраған.

Ұсынуды қуаттаған құқық бұзушы Т[...], оның қорғаушысыадвокатты, керісінше ұсынудың уәждерімен келіспеген мемлекеттік органның өкілін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ұсыну төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

2021 жылғы 27 қазандағы 04 №1607713 Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сай, Т[...] 2021 жылғы 27 қазанда 12 сағат 30 минут шамасында Мұғалжар ауданы, Жаңажол вахталық поселкасында орналасқан «Сәкен» дүкенінің алдында, «Жаңажол-Кенкияқ» тас жолында «Lada» маркалы мемлекеттік нөмірі [...] автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарып, Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерінің 2.4.2 тармағының талаптарын өрескел бұзған. Сөйтіп, ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты жасаған.

Алайда, өтінішхаттың уәждерінде құқық бұзушы әкімшілік құқық бұзушылықты жасамағанын, оған қатысты хаттама қателісіп толтырылғанын, ол Ақтөбе облысының аумағында болмағанын, бірінші сатыдағы соттың отырысына қатыспағанын, «Lada» маркалы автокөлігі оған тиесілі емес екендігі туралы көрсетілген.

Дыбыс,-бейнежазбаға сәйкес, бірінші сатыдағы сот отырысы «WhatsApp» желісі арқылы жүргізілген, бірақ бейнежазбадан сот отырысына кім қатысқаны көрінбейді.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Т[...] 2021 жылғы 28 қазан мен 12 қараша аралығында Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қамақта болған. Соған қарамастан, іс құжаттарында тіркелген Жамбыл облысы полиция департаментінің хаттарына сәйкес, 2021 жылғы 1 қарашада Т[...] өзінің атына тіркелген 1989 жылғы «Volkswagen Golf» маркалы автокөлігін тіркеуден алып, 2021 жылғы 10 қарашада өзінің атына тіркелген 2002 жылғы «Volkswagen Bora» автокөлігін тіркеуге қойғаны анықталған.

Бұл орайда апелляциялық сатыдағы сот Т[...] сот отырысында берген түсініктемесін ескере отырып, бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан және әкімшілік қамақта он бес тәулік бойы ұсталған адамның кім екенін анықтауы қажет болған.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлерімен Т[...] масаң күйде ұсталған, бірақ ол жүргізген мемлекеттік нөмірі [...] «Lada Largus» маркалы автокөліктің айыппұл тұрағына қойылғаны туралы істе ешқанда деректер жоқ. Көрсетілген автокөлік азамат П[...] тиесілі, алайда іске сақтандыру полисі тіркелмеген, Т[...] бейтаныс біреудің автокөлігін не себепті жүргізгені анықталмаған, көліктің иесі П[...] сұралмаған.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері Т[...] көлік жүргізу куәлігін немесе оның жеке басын растайтын төл құжатын алып, олардың көшірмелерін іске тіркеп, жеке тұлғасын анықтамаған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қойылған қолдың кімге тиесілі екендігін анықтау үшін қолтаңба сараптамасын өткізуге, бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан адамның дауысы Т[...] тиістілігін анықтау үшін және әкімшілік қамақта болған тұлғаның фотосуреттеріне тиісті сараптамалар тағайындауға апелляциялық сатыдағы соттың мүмкіндігі болған.

Алайда, аталған мән-жайлар соттардың назарынан тыс қалған.

ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша сот істі қарауға кіріскенде өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамның түсініктемелерін, іс жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсіндірмесін және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуының, істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.

Судьяның сот қаулысында жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, ӘҚБтК-нің 840-бабына сәйкес, сот қаулысының күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болып табылады.

Осыған орай, сот актілерінің күші жойылуға, ал әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жатады. Қайта қарау барысында жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Т[...] қатысты Ақтөбе облысы, [...] сотының 2021 жылғы 28 қазандағы және Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынысы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Н. Жолдасбеков

Судьялар

М. Омарбекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.