КСАД РК - Постановление от 03.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/1428 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 3 қыркүйек №6003-25-00-4к/1428 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

прокурор О.С.Пернеевтің, талап қоюшының өкілі Р.Р.Абишеваның, жауапкердің өкілі С.М.Сапарованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысы Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) қатысты 2024 жылғы 6 наурыздағы №08-9/693-И анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасын жарамсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысына жауапкер берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы көрсетілген әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгініп, дауланып отырған нұсқаманың заңсыздығымен негіздеген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Нұсқаманың:

  • рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 6 855 600 теңге бөлігінің 6 555 600 теңге бөлігі;

  • еңбек ақыдан төленген сомасы 3 632 500 теңге және көрсетілмеген қызметтер үшін (әскерге шақырылушы азаматтарды тамақтандыру, санитарлық өңдеуден өткізу (шаштараз, моншаға түсіру қызметтері) 4 029 600 теңгені бюджетке 206109 бюджеттік сыныптама кодына өтеу (аудару) бөлігі жарамсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгертілген. Нұсқамасының еңбек ақыдан төленген 3 632 500 теңгені бюджетке 206109 бюджеттік сыныптама кодына өтеу (аудару) бөлігін жарамсыз деп танып, күші жойылсын деген бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің басқа бөліктері өзгеріссіз қалдырылған. Департамент кассациялық шағымда сот актілернің көрсетілмеген қызметтер үшін (әскерге шақырылушы азаматтарды тамақтандыру, санитарлық өңдеуден өткізу (шаштараз, моншаға түсіру қызметтері) 4 029 600 теңгені бюджетке 206109 бюджеттік сыныптама кодына өтеу (аудару) бөлігі жарамсыз деп танылып, күші жойылсын деген бөлігі даулауда. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісінше хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді, келмеу себептерін сотқа мәлімдеген жоқ. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндау бұзушылықтарға соттар жол бермеген.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, 2023 жылғы 31 наурыздағы Департаменттің №23 аудиторлық іс-шараны (тексерулер) жүргізу туралы нұсқауымен Басқармаға қатысты аудиторлық іс-шара жүргізу тағайындап, аталған нұсқау құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында сол күні тіркелген.

Тексеру қорытындысынан кейін 2023 жылғы 15 қыркүйекте аудиторлық есеп жасақталған.

Департаменттің 2024 жылғы 5 наурыздағы №18 бұйрығымен Басқарманың қарсылығын қарау қорытындысы бойынша аудиторлық қорытынды бекітіліп, талап қоюшыға қатысты 2024 жылғы 6 наурызда анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы №08-9/693-И нұсқамасы жасақталып, нұсқама орындау үшін жолданған.

Дауланып отырған нұсқамаға сәйкес, 9 935 300 теңге қаржылық бұзушылықтар анықталып, оның ішінде 7 679 600 теңге бюджетке өтеуге (аударуға), 2 255 700 теңге қалпына келтіруге жатады; рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар – 6 855 600 теңге.

Департамент тарапынан басқармаға келесі ұсыныстар енгізілген:

  1. жалпы сомасы 7 679 600 теңгені бюджетке 206109 бюджеттік сыныптама кодына өтеуді (аударуды), оның ішінде еңбек ақыдан төленген сомасы 3 632 500 теңге; көрсетілмеген қызметтер үшін (әскерге шақырылушы азаматтарды тамақтандыру, санитарлық өңдеуден өткізу (шаштараз, моншаға түсіру қызметтері)) 4 029 600 теңге; іссапар шығындарына артық төленген 17 500 теңге;

  2. іссапар шығындарынан 2 қызметкерге кем төленген 11 600 теңге төлеуді;

  3. бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік бойынша анықталған 2 244 100 теңгені қалпына келтіруді;

  4. мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды жоюға ықпал ететін қажетті шараларды көрсетуді;

  5. анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды.

Департамент тарапынан соттармен қанағаттандырылған көрсетілмеген қызметтер үшін (әскерге шақырылушы азаматтарды тамақтандыру, санитарлық өңдеуден өткізу (шаштараз, моншаға түсіру қызметтері) 4 029 600 теңгені өтеу (аудару) бөлігі даулануда. Салдарынан кассациялық сот кассациялық шағымның шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi. Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, шығарылған сот актілерінің дауланған бөлігінде заңға сәйкес деген қорытындыға келіп, олардың негізіне алынған мән-жайлар талапты ішінара қанағаттандыру жөніндегі тұжырымдарды дұрыс деп санайды.

«Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысының (бұдан әрі – Қағида) 34-тармағына сай, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жергілікті әскери басқару органдары: 1) әскери командаларды әскерге шақырылушылармен жасақтау; 2) командаларды әскери командаларды қабылдау және бірге жүру үшін келген әскери бөлімдердің (мекемелердің) өкілдеріне беру; 3) әскери командаларды қажетті мүлікпен және белгіленген жерге дейін жүретін жолда тамақтандырумен қамтамасыз ету; 4) командаларды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына ұйымдасқан түрде жөнелту мақсатында жабдықталған жиын пункттерімен қамтамасыз етіледі.

Қағиданың 34-1 тармағына сәйкес, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пункттерінде: 1) әскери командаларды әскерге шақырылушылармен жасақтау үш тәулік ішінде жүргізіледі; 2) әскерге шақырылушыларды (резервті ескере отырып) үш мезгіл ыстық тамақпен тамақтандыру жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен ұйымдастырылады; 3) жіті ауру және наркологиялық тестілеу нәтижесі оң болған жағдайда командаларды толықтыру үшін пайдаланылатын әскери командада жөнелтілетіндер қатарынан жиырма пайызға дейін әскерге шақырылушылар резервін ұстауға рұқсат етіледі.

Қағиданың 34-2, 35 тармақтарына сәйкес, жиын пункттерінде: 1) резервте тұрған әскерге шақырылушыларды үш тәуліктен артық ұстауға; 2) әскерге шақырылушылардың Қағидалардың 31-тармағының талаптарын сақтамай кетуіне, яғни уақытша босатылуына жол берілмейді.

Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде: 1) қорғаныс істері жөніндегі басқармалардан (бөлімдерден) келетін жеке құрамды орналастыруға арналған үй-жай; 2) жеке құрамды санитариялық өңдеуге арналған үй-жай (монша, душ);8) тамақтандыру пункті болуы тиіс.

Төмен тұрған соттар нұсқаманың дауланған бөлігінде талапты қанағаттандыра отырып, ақшалай қаражат нақты көрсетілген қызметтер үшін төленгенін негізге алған, осыған байланысты тексеру нәтижелері ішінара заңсыз деп тануы дұрыс болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша Департамент есептерді шақырылушылардың нақты санын және олардың шақыру пункттерінде болу жағдайын анықтамастан жүргізген, әрбір шақырылушының жинақтау пунктінде қанша уақыт болғанын белгілемеген. Жасалған есептер дұрыс емес, себебі олар тәуліктік тамақтануды үш кезеңге (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) бөлместен, сондай-ақ шақырылушылардың шығып кеткенін, келгенін (қайтып оралғанын), оның ішінде резервтегілерді және әскери қызметке жарамсыз деп танылғандарды ескерместен жасалаған.

Өз кезегінде, Басқарма шақырылушылардың нақты саны мен олардың жинақтау пункттерінде болу уақытына сүйене отырып, жоғарыда көрсетілген өлшемдерді ескеріп, екі тарап қол қойған орындалған жұмыстар актілерінің негізінде төлем жүргізген.

ӘРПК-нің 129-бабының екінші тармағының 1) тармақшасына сәйкес, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын көтереді.

Департамент тарапынан Басқарма жіберген құқықбұзушылықтарды растайтын жарамды әрі анық дәлелдемелер ұсынылмаған, талап қоюшы келтірген уәждер теріске шығарылмаған.

ӘРПК-нің 12-бабында Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі деп көрсетілген. Осылайша, төмен тұрған соттардың дауланған бөліктегі тұжырымдары негізді болып табылады, кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіседі.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды. Осы мән-жайлар бойынша жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.