КСАД РК - Постановление от 25.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/671 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 25 тамыз 6003-25-00-4к/671 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова

жауапкер сот орындаушысы О.А.Жігердің, мүдделі тұлғаның өкілі И.Т.Жумагалиевтің қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Гулдана Бекжановна Кошкинбаеваның жауапкер жеке сот орындаушысы Жигер Омарович Абельгазинге 2024 жылғы 21 қарашадағы берешекті анықтау туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою, алимент бойынша берешекті қайта есептеп, басқа қаулыны шығаруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қаңтардағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Г.Б.Кошкинбаева жеке сот орындаушысы Ж.О.Абельгазинге (бұдан әрі – сот орындаушысы) жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен Г.Б.Кошкинбаеваның талап қоюы қанағаттандырылған.

Сот орындаушысының 2024 жылғы 21 қарашадағы берешекті анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, оның күші жойылған. Сот орындаушысына соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, алимент бойынша берешекті қайта есептеп, жаңа қаулы шығару міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға Б.Қайдар кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, Г.Б.Кошкинбаеваның талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық сотқа өтініш жолдап, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрады.

Тиісті түрде хабарланған жауапкердің өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік- процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, іске қатысушылардың өкілдерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғаны, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2017 жылғы 22 маусымдағы сот бұйрығымен Б.Қайдардан Г.Б.Кошкинбаеваның пайдасына 2016 жылғы 10 қыркүйекте туылған баласы Ә.Б.Қайдарды күтіп-бағу үшін 2017 жылғы 21 маусымнан бастап, ол кәмелетке толғанша ай сайын борышкердің табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.

Атқарушылық іс жүргізу 2017 жылғы 13 шілдеде қозғалып, бірнеше сот орындаушысы ауысқаннан кейін 2023 жылғы 9 наурызда жауапкерге табысталған.

Жауапкердің қаулыларымен борышкердің берешегі 2023 жылғы 5 сәуірде 922096 теңге, 2023 жылғы 3 шілдеде 1183586 теңге, 2023 жылғы 5 қазанда 1457714 теңге, 2024 жылғы 4 қаңтарда 1720622 теңге, 2024 жылғы 27 тамызда 494732 теңге көлемінде анықталған.

Алимент бойынша берешек сомасы 2024 жылғы қаңтардан шілдеге дейін қате саналуына байланысты, сот орындаушысының 2024 жылғы 27 тамыздағы берешекті анықтау туралы қаулысы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімімен заңсыз деп танылып, жауапкерге басқа қаулы шығару міндеттелген.

Сот орындаушысы 2024 жылғы 21 қарашада берешекті анықтау туралы жаңа қаулы қабылдап, Б.Қайдардың алимент бойынша берешегі жоқ деп көрсеткен.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 99-бабының екінші және үшінші тармақтарына сәйкес алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.

Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeгені немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.

Сот орындаушысы 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысын қабылдағанда экспедитор Б.Қайдар мен жеке кәсіпкер А.Ж.Мустафин арасында жасалған еңбек шартында жалақы 100000 теңге мөлшерінде көрсетілген.

Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 525 қаулысымен бекітілген.

Осы қағидалардың 10-тармағына сәйкес дара кәсіпкерлер жұмыскерлерге төлеген кірісінен және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан жеке тұлғалар кіріс төленген айдан кейінгі айдың 25-ші күнінен кешіктірмей аударады.

Алайда жеке кәсіпкер А.Ж.Мустафин 2024 жылғы қаңтардан шілдеге дейін Б.Қайдардың пайдасына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналарды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тек қана 2024 жылғы 21 тамызда төлегені, ал 2022 жылғы мамырдан 2024 жылғы тамызға дейін мүлдем төлемегені анықталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 27)-тармақшасында жұмыс берушінің еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер, сондай-ақ 99бабында көзделген демалыстарды беру туралы мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу міндеті қарастырылған.

Осыған қарамастан «Еңбек нарығы» дерек қорынан Б.Қайдар мен жеке кәсіпкер А.Ж.Мустафин арасанда жасалған еңбек шарты табылмаған.

Оған қоса, бірінші сатыдағы сот борышкердің Астана қаласында тұратынына, ал А.Ж.Мустафин Ақмола облысының Ерейментау қаласында тіркелгеніне назар аударған.

Заңның 16-бабына сәйкес борышкер өзінің жұмыс орны, жаңа табыс көздерінің пайда болғаны туралы ақпартатты, олар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Алайда Б.Қайдар мұндай мәліметті 2024 жылғы қаңтардан бастап 7 ай бойы сот орындаушысына жолдамаған.

Осы мән-жайларды ескере отырып, төменгі сатыдағы соттар даулы қаулыны дұрыс заңсыз деп тауып, күшін жойған.

Мүдделі тұлғаның өкілінің кассациялық шағымында көрсеткен уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қаңтардағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Б.Қайдардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Судьялар:

Р. Айнакулова

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.