ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 ақпан № 6003-25-00-4к/2481 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
талап қоюшы жеке кәсіпкер А.К.Жубатканованың, оның өкілі Т.А.Исмагуловтың, мүдделі тұлға «Болатов Қадір» жеке кәсіпкерінің өкілі Р.А.Есетовтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Жубатканова» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Айна Кенжалиевна Жубатканованың жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қойған 2025 жылғы 11 маусымдағы №ЖТ-202501725724 шешімін, 2025 жылғы 23 мамырдағы №14391712-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қою бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға «Болатов Қадір» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Жубатканова» жеке кәсіпкерінің атынан әрекет етуші Айна Кенжалиевна Жубатканова (бұдан әрі – «Жубатканова» ЖК) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 11 маусымдағы №ЖТ-2025-01725724 шешімі, 2025 жылғы 23 мамырдағы №14391712-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күштері жойылған.
«Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Болатов Қадыр» жеке кәсіпкері арасында жасалған 2025 жылғы 5 маусымдағы №107 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Сот актілерімен келіспей, мүдделі тұлға «Болатов Қадір» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымында сот актілерінің күшін толық жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Тиісті түрде хабарланған жауапкер, кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының, мүдделі тұлғаның өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай-Басқарма) «Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай№262 мектеп-гимназиясы) тапсырысы бойынша веб-портал арқылы №14391712-1 балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. Конкурсқа қатысуға 4 әлеуетті өнім берушілер өтінім берген: жеке кәсіпкер (әрі қарай – ЖК) «Утепбергенова», ЖК «Жубатканова», жеке кәсіпкер (әрі қарай – ЖК) «Болатов», Ибрагимова Ж.
Конкурсқа қатысуға барлық әлеуетті өнім берушілер рұқсат алған.
2025 жылғы 23 мамырдағы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары туралы хаттамасымен ЖК «Болатов» жеңімпаз деп танылған. ЖК «Жубатканова» екінші орын алған (әрі қарай – даулы қорытындылар туралы хаттама).
2025 жылғы 26 мамырда ЖК «Жубатканова» аталған қорытындылар туралы хаттамасымен келіспей шағыммен Басқармаға жүгінген.
Басқарманың 2025 жылғы 11 маусымдағы №ЖТ-2025-01725724 шешімімен «Жубатканова» ЖК-нің шағымы қанағаттандырусыз қалған (әрі қарай – даулы шешім). 2025 жылғы 5 маусымда №262 мектеп-гимназиясы мен ЖК «Болатовтың» арасында қызмет көрсету туралы шарт жасалған.
Тараптар арасындағы дау мектеп оқушыларын тамақтандыруға байланысты өткізілген конкурстан туындаған.
Осы саланы реттейтін, білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге конкурсты өткізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен (бұдан әрі - №598 Қағида) реттеледі.
№262 мектеп-гимназияда барлығы 1 358 бала білім алатындықтан, 3 аспаз және 5 ас үй жұмысшысы қажет етілген.
«Болатов» ЖК-дің өтінімінде 4 аспазшы (Т.Қалиева, А.Серікбаева, С.Токсанбаева, М.Салихова) және 5 ас үй жұмысшы (Л.Бактыбаева, А.Махсутқызы, А.Бажымова, Б.Бижанова, Г.Утегенова), 1 диетолог (А.Изикеева), 2 технолог: М.Ан, А.Құрманалиеваны ұсынған.
Талап қоюды қанағаттандыра отырып, төмен тұрған соттар «Еңбек.кз» сайтындағы мәлімет бойынша «Болатов» ЖК-нің аспазшылары М.Салихованың, А.Серікбаеваның, Т.Қалиеваның өзімен жасалған еңбек шартынан бөлек басқа да жұмыс берушілермен жасалған еңбек шарттары белсенді мәртебесінде тұрғандығы анықталған.
Аспаз М.Салихованың аталған «Атамекен-нан-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2023 жылғы 31 желтоқсандағы бұйрықпен жұмыстан босатылғаны анықталып, бұл жайлы мәлімет «Еңбек.кз» сайтына 2025 жылғы 26 маусымда енгізілгені анықталған.
Аспаз А.Серікбаева «Еңбек.кз» сайтындағы мәлімет бойынша 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап «Омарханова» ЖК-нде аспаз болып жұмыс жасаған. А.Серікбаеваның «Омарханова» ЖК-нен 2025 жылғы 31 мамырдан бастап жұмыстан босатылғаны туралы мәлімет 2025 жылғы 26 маусымда тіркелген. Сондай-ақ зейнетақы жарналары туралы мәліметтен А.Серікбаеваға «Омарханова» ЖК-нен 2025 жылдың сәуір айына зейнетақы жарнасы аударылғаны анықталған. Осы талапқа сай «Болатов» ЖК-нің тек үш аспазшыларына, яғни Т.Қалиева, С.Токсанбаева, М.Салиховаға баллдар берілуге жатады.
Кассациялық сот төмен тұрған соттардың осы қорытындыларымен келіседі, ал мүдделі тұлғаның уәждерін негізсіз деп табады.
Аталған бұзушылықтар істі қарау барысында өз дәлелін тапты, конкурстың нәтижелеріне әсер етеді, сондықтан конкурстың нәтижелерін заңсыз деп тану қажет деген уәждері де дұрыс.
Жоғарыда баяндалғанмен қатар, кассациялық сот төмен тұрған соттардың сот актілерінің уәждеу бөлігінен кімге қанша балл беру және талап қоюшыны жеңімпаз деп тану туралы уәждерді алып тастауды қажет деп санайды, өйткені мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша балдарды есептеу және жеңімпазды айқындау заңнамаға сәйкес тиісті конкурстық комиссияның құзыретіне жатады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне қатысты сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Болатов Қадір» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
М.Қасымов
Д.Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.