№6001-24-00-6ап/3141
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілдері Б.Е.Мелістің, О.Д.Мысырдың,
жауапкерлердің өкілдері А.Е.Айбергенованың, А.Х.Бралинованың қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «AETEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекетік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті), «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Төтенше жағдайлар министрлігі) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 21 мамырдағы №710000000-4-6288722 хабарламаны «AETEC» ЖШС-нің конкурстық арызын қайтару бөлігінде заңсыз деп тану, 2024 жылғы 21 маусымдағы қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып күшін жою, 2024 жылғы 16 шілдедегі тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2024 жылғы 5 наурызда мемлекеттік сатып алудың веб-порталында тапсырыс беруші Төтенше жағдайлар министрлігі үшін № 63034811-OK1 лот бойынша «Лаг-эхолот» бірлік бағасы 20 535 714,28 теңге, 15 дана тауарды мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру жарияланған.
Конкурстың 2024 жылғы 25 сәуірдегі № 12206408 нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес № 63034811-ОК1 лоты бойынша «AETEС» ЖШС жеңімпаз болып танылған, әлеуетті өнім беруші «Sensata plus» ЖШС екінші орынды иеленген.
Конкурс аяқталғаннан кейін шағым беру сатысында «ADK Trade» ЖШС, «TIO~N-KZ» ЖШС, «СитиСтрой2030» ЖШС, «Газтехнология» Ж~~ ШС шағымдар берген, оларды қарау нәтижелері бойынша Департаментпен даулы хабарлама шығарылған. Қазынашылық комитеті даулы хабарламамен келіспей, 2024 жылғы 28 мамырда Комитетке қарсылықтар жолдаған, оған 2024 жылғы 14 маусымда № 12976 теріс қорытынды берілген.
2024 жылғы 21 маусымда № 12663560 қайта қарау нәтижелері туралы хаттамамен (бұдан әрі – даулы хаттама) № 63034811-OK1 лоты бойынша «Газтехнология» ЖШС жеңімпаз деп танылып, «TION-KZ» ЖШС екінші орынды иеленген, ал «AETEС» ЖШС өтінімі қабылданбаған.
2024 жылғы 9 шілдеде «Газтехнология» ЖШС мемлекеттік сатып алу порталында шарт жасасу мерзімінің ұзаққа созылуы себебінен тауарды қажетті мерзімде жеткізу мүмкіндігінің болмауына байланысты шарт жасасудан бас тартқан.
2024 жылғы 16 шілдеде тапсырыс беруші Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Tion-KZ» ЖШС арасында №206-OK тауарларды мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі – даулы келісімшарт) жасалған. Талап қоюшы тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасының талаптарына сәйкес «Лаг-эхолот» тауары «дана» өлшем бірлігі ретінде сатып алынатынын, ал техникалық сипаттамада «жиынтық, «жинақтаушы», «жинақталған» сөздері жоқ екенін көрсеткен. Осыған байланысты ол Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (будан әрі – Қағидалар) 16-қосымшаның ескертпесінің талаптары бұл жағдайда қолданылмайды деп есептейді және талап қоюшыға техникалық сипаттамада әрбір жинақтаушы өнім туралы ақпаратты жеке-жеке көрсету қажет емес деп көрсеткен.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшы конкурсқа қатысуға өтінімді толтырған кезде тек 2 жиынтық бөлік тереңдік сканері Эхолот пен ноутбукқа техникалық сипаттамаларын көрсеткен, ал мәлімделген тауардың қалған жиынтық бөліктеріне техникалық сипаттамаларды ұсынбаған. Бұл ретте жиынтық бөліктер конкурстық құжаттамада көрсетілген, ал талап қоюшының тауар жиынтық бөліктерден тұрмайды деген уәжі негізсіз деген тұжырымға келген.
Себебі, бекітілген техникалық сипаттамаларға сәйкес, сатып алу нысаны су астында іздестіру жұмыстарын жүргізуге арналған тереңдік сканері Эхолот болып табылады. Өнімнің бір бірлігі эхолоттан және оператордың мобильді жұмыс орнынан (ноутбук), эхолотты басқаруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуден, сымсыз басқару джойстиктен, гидролокатордан, резервтік аккумулятордан тұрады.
Бұл жағдайда, даулы хабарламада Департаментпен анықтаған конкурстық құжаттаманы ұсыну кезінде «AETEС» ЖШС-нің бұзушылықтары орын алған, сондықтан соттар ӘРПК 155-бабының 4- бөлігіне сүйене отырып, даулы хабарламаны заңсыз деп тану және даулы хаттаманың күшін жоюға негіздердің жоқтығы туралы дұрыс қорытындыға келге~н.~~
Осыған қоса, «AETEС» ЖШС-нің даулы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы дауланып отырған хаттаманың заңсыздығына негізделгендіктен, оны жарамсыз деп тану туралы талап қанағаттандыруға жатпайды деген тұжырымы негізді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.