Қ А У Л Ы
2026 жылғы 11 маусым №6003-26-00-2к/2347 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор С[...], талап қоюшы өкілі Д[...], жауапкер өкілдері С[...] және К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Түркістан облысы әкімі аппаратының «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, тұрақсыздық айыппұл өндіру туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған, мемлекет пайдасына 57 090 теңге тұрақсыздық айыбы және 3 678 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Серіктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386-баптарын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 4-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы
дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, тараптар арасында 2024 жылғы 29 қазанда жалпы сомасы 57 090 880 теңге құрайтын «Автомобиль жеңіл минивен классы» сатып алу бойынша №131 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған, шарттың №1 қосымшасына сай Серіктестік тауарды шарт күшіне енген сәттен бастап 60 күн ішінде, яғни 2024 жылғы 29 желтоқсанға дейін жеткізуге тиіс болған. Шарттың әрекет ету мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсан.
Алайда Серіктестікпен шарт бойынша жеткізілуі тиіс тауар жеткізілмеген.
Аталған мән-жайларды тараптар жоққа шығармаған және іс құжаттарымен дәлелденіп бекітілген.
Осыған орай, талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде осы талаппен сотқа жүгінген.
Бұл жағдайда жергілікті соттар Серіктестіктің әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).
Сонымен қатар, соттармен Серіктестіктің тауарды жеткізуге бар шараларды қолданғаны, алайда автокөлікті жеткізуші диллер компания көліктерді уақытылы жеткізе алмағаны, бұл мән-жайларды форс-мажор деп тану жөніндегі уәждерін негізді басшылыққа алынбаған.
АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта Серіктестік өз уәждерін растайтын дәлелдемелерді ұсынған жоқ және талап қоюшының ұсынған дәлелдемелерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталмады.
Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік өзінің міндеттемелерін орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, бірінші сатыдағы соттың шешімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.