6001-24-00-6ап/92
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер жеке сот орындаушысы А[...] қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулысының күшін жоюды сұраған талап арызы бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысына талап қоюшының өкілі Т[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
С[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде, сот орындаушысының қызметіне ақы сомасын бекіту туралы қаулысы негізсіз қабылданғанын, себебі ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізілетінін көрсеткен. Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талапкер өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Сарыағаш аудандық сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен Сарыағаш ауданы, Жарты төбе ауылдық округі, Құрама елді мекені, Абылай хан көшесі №107 А кадастрлык №[...] учаскесінің жер учаскесінің 00,0030 шаршы метрі С[...] заңсыз иеленуінен меншік иесі Б[...] қайтару міндеттелген.
13 маусым 2022 жылы сот орындаушы А[...] атқарушылық іс жүргізуді қозғап, тиісті іс-әрекеттер жүргізген.
2023 жылдың 23 маусымында өндіріп алушы Б[...] жеке сот орындаушыға даулы жер учаскесін С[...] өзара келісуіне байланысты атқарушылық іс жүргізуді қысқарту туралы арызбен жүгінуіне байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған.
2023 жылдың 27 шілдесінде сот орындаушысы өзінің қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулы қабылдаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулысын заңды әрі негізді қабылданған, себебі сот орындаушысы тарапынан сот шешімін мәжбүрлеп орындауға тиісті әрекеттер жасалған, нәтижесінде тараптардың арызына сәйкес атқарушылық қысқартылған деген тұжырымға келген.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Қазақстан Республикасының Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 118-бабы 2-бөлігінде, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжаттың борышкері оны мәжбүрлеп орындатуға бергенге дейін орындаған жағдайда өндіріп алынбайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшері, мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін – жеке тұлғалардан 50 айлық есептік көрсеткіш өндірілуге жататыны көрсетілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы атқару парағы негізінде 13 маусым 2022 жылы атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғап, борышкер С[...] тиісті түрде хабарлап, оның орындалуын талап етіп, ал орындамаған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны жөнінде хабарлама хат жолдаған.
Сонымен қатар, сот шешімін өз еркімен орындау жөнінде ескерту хаттар жолданған.
Сонымен қатар, С[...] сот шешімін өз еркімен орындамағаны үшін, әрбір күн үшін екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы мәселені шешіп беру жөнінде сотқа ұсыныс жолдап, сот шешімін мәжбүрлеп орындауға тиісті әрекеттер жасаған.
Нәтижесінде тараптардың өзара келісімге келулеріне байланысты атқарушылық іс жүргізу қысқартылып, 2023 жылдың 27 шілдесінде сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасының мөлшері мүліктік емес сипаттағы өндіріс болғандықтан 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 172 500 теңге өндірілуге жатады деп заңды әрі негізді қаулы қабылдаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді деп есептейді, себебі сот орындаушысы заңды күшіне енген сот шешімін мәжбүрлеп орындауға шаралар ұйымдастырып, әрекеттер жасаған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы талапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
С.Ү. Баймаханов
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.