Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5058 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 наурыз №6003-25-00-2к/5058 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.С.Камашовтың, талап қоюшының өкілі Н.М.Шүйішмағанбетовтың, жауапкерлердің өкілдері Н.Жылқайдарұлының, А.Д.Кабулованың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер Ақтау қаласының әкіміне, Сулеймен Кокановқа жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулыны заңсыз деп тану және жер учаскесінің нысаналы мақсатын бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің өкілі А.Д.Кабулованың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Ақтау қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 27 наурыздағы №KZ08VBH00212147 Сулеймен Кокановтың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулысы заңсыз деп танылған.

Ақтау қаласы, 2 шағын аудан, №75 құрылғы Б блогы мекенжайында орналасқан кадастрлық №13-200-002-140 жер учаскесінің нысаналы мақсаты бастапқы қалпына келтірілген.

Сот шығындарын өндіру мәселесі шешілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында С.Кокановқа берілген жер учаскесінің нысаналы мақсатының өзгертілуі заң талаптарына қайшы келмейтінін, жергілікті соттар материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп

соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Ақтау қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 27 наурыздағы № KZ08VBH00212147 қаулысымен С.Кокановқа тиесілі Ақтау қаласы, 2 шағын аудан, № 75 құрылғы, Б блогы мекен-жайында орналасқан, кадастрлық №13-200-002-140 жер учаскесінің нысаналы мақсаты көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын салу және пайдалану мақсатына өзгертілген.

Департаменттің атына «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Маңғыстау облысы бойынша департаменті» РММ-нен 2024 жылғы 22 мамырдағы №25-02-01-07-911 заң бұзушылықты жою туралы ұсыну келіп түскен. Ұсынуда С.Кокановқа тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуде жер заңнамасының талаптары бұзылғандығы көрсетілген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 107-бабы 3-тармағына сай, елдi мекендердің жерi мынадай: 1) тұрғын үй; 2) әлеуметтік; 3) коммерциялық; 4) өзге де функционалдық аймақтарға бөлінеді. Тұрғын үй аймағына құрылыстар алып жатқан әрi көп пәтерлi және көп қабатты тұрғын үйлер, үй маңындағы жер учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналған тұрғын жай салатын жер кіреді.

Әлеуметтік аймаққа мемлекеттік және коммерциялық емес объектiлер алып жатқан және оларды орналастыруға арналған қоғамдық iскерлiк құрылыс салатын жер кіреді.

Коммерциялық аймаққа арнайы экономикалық аймақтардың, республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың, өндiрiстiк объектiлердің, сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің, инженерлiк және көлiктік инфрақұрылым объектiлерiнің жерлері, сондай-ақ осы объектiлердiң және кәсіпкерлік қызметпен байланысты өзге де объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгiлеуге арналған жерлер кіреді.

Жер Кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес, елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады және елдi мекендерде орналасқан жер учаскелерінің нысаналы мақсаты осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға сәйкес белгіленеді деп көрсетілген. Жер Кодексінің 44-бабына сай мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін беруді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде учаскелердің орналасқан жеріне және сұралып отырған нысаналы мақсатына қарай жүзеге асырады.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері елді мекен аумағының бекітілген бас жоспарларының не орналасу схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Іс құжаттарынан анықталғандай С.Кокановтың арызы негізінде 2024 жылғы 27 наурыздағы әкімнің қаулысымен жер учаскесінің нысаналы мақсаты көп қабатты тұрғын үй құрылысына өзгертілген. Азаматтық істі қарау барысында С.Кокановқа берілген жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде жергілікті атқарушы органмен бекітілген бас жоспарларының, орналасу схемаларының мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілмегені анықталған.

С.Кокановқа тиесілі жер учаскесі орналасқан аумақ Ақтау қаласының егжей-тегжейлі жобалау жоспарына сәйкес «О-6» басқару, іскерлік, қоғамдық, ғылыми, банк мекемелерінің аумағында орналасқанына қарамастан, көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын салуға өзгертілген. Жауапкерлер тарапынан сотқа даулы жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға қандай да бір аса қажеттілік, яғни ғимарат құрылысын салу үшін берілген жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға заңда көзделген ерекше жағдайды растайтын дәлелді себептер келтірілмеген.

Сондықтан жергілікті соттар даулы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жер заңнамаларының талаптарына қайшы қабылданғанын, әкіммен шешім қабылдауда Жер кодексінде көзделген материалдық заң нормалары бұзылғанын негізге алып, Әкімнің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулысын заңсыз деп танып, жер учаскесінің нысаналы мақсатын бастапқы қалпына келтіру туралы дұрыс шешім шығарған. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсеткен қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) аймақта орналастыруға рұқсат етілген объектілер тізбесіне тұрғын үйлер (үйлер) енгізілуі мүмкін деген уәждеріне апелляциялық сот дұрыс құқықтық баға берген. Өйткені, қаланың бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында тұрғын үйлер құрылысы көзделмеген, яғни аталған жоспар бойынша Ақтау қаласы 2 шағынауданындағы № 75 жер учаскесі (О-6) Қоғамдық (қоғамдық - іскерлік) аймақ, сауда, басқару, іскерлік, қоғамдық, ғылыми, банк мекемелері және сауда ойын-сауық орталығының құрылысы жоспарланған.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі А.Д.Кабулованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.