ВС РК - Постановление от 07.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/727 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 7 қараша 6001-23-00-6ап/727 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып, жауапкердің өкілі С[...],

мүдделі тұлға Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының (бұдан әрі – Прокурор) жауапкерлер Түркістан қаласының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне Әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы және прокурорлық қадағалау актісін қанағаттандырусыз қалдырған Түркістан қаласы әкімі аппаратының және қадағалау актісіне жауап берген лауазымды тұлғаның шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Прокурор жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 тамыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күштерін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінен істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы арызы түскен.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшы өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Басқа мүдделі тұлға немесе оның өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген, мүдделі тұлғаның өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда Әкімнің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №2112 қаулысымен С[...] даңғылы бойындағы аумақтың №6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген, ал 2021 жылғы 8 қарашадағы №1811 қаулысымен (бұдан әрі – даулы қаулы) аталған жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Прокурор даулы қаулының күшін жою туралы наразылық келтірген. Алайда, қала әкімдігі даулы қаулының күшін жоюға құқықтық негіздің жоқ екендігін мәлімдеген.

Прокурор өзінің талап қою арызында даулы қаулыны заңсыз деп танып күшін жоюды, прокурорлық қадағалау актісін қанағаттандырусыз қалдырған «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің және қадағалау актісіне жауап берген лауазымды тұлғаның шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тануды сұраған.

Талап қою арызында:

-егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық және қалалық санитариялықэпидемиологиялық қадағалау органымен келісілмегені;

-С[...] даңғылының бойындағы 34 жылжымайтын мүліктің

1 424 262 768 теңгеге мемлекет мұқтажы үшін сатып алынғанына, аталған аумақтың Бас жоспарға сәйкес қалалық саябақтар мен гүлзарлар үшін ортақ пайдалану, көп қабатты тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік және аймақтық маңызы бар қоғамдық ғимараттар салуға арналғанына қарамастан, Бас жоспарда қарастырылмаған екі қабатты жеке тұрғын үйлер құрылысын жобаланғаны көрсетілген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды ескерген.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі [...]Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-бабының талаптарына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

Заңның 47-1-бабының 1, 2-бөліктеріне сәйкес, елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін қала құрылысына игеру жобалары (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) елді мекеннің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспары негізінде әзірленеді. Аталған баптың 4-бөлігіне сәйкес, бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік, мәдени және бірегей объектілерді салу мақсатында қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету қажеттігіне байланысты жағдайларды қоспағанда, бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар жылына екі реттен асырмай енгізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 25 қарашадағы №793 қаулысымен Түркістан қаласының Бас жоспары бекітілген.

Бас жоспарды негізге ала отырып, Әкімінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №2112 қаулысымен Түркістан қаласы Б.С[...] даңғылының бойындағы аумақтың №6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы №1, 1-1, 2 қосымшаларына сәйкес бекітілген.

№6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, (Ж-1) 1-3 қабатты тұрғын үй, (Ж-2) 4-5 қабатты тұрғын үй, (С-3) әлеуметтік-мәдени аймақтар және сауда-ойын-сауық, (Р-1) жалпы қолданыстағы жасыл аумақ (саябақ, гүлзарлар) құрылыстары үшін қарастырылған аймаққа енген.

«Әкімшілік-іскерлік орталық» және «Рухани-мәдени орталығы аумағындағы» жаңа нысандарды орналастыру мақсатында егжей-тегжейлі жоспарға және қаланың Бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін заң аясында қарастыру туралы Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 30 қаңтардағы №2-5 хаттамалық тапсырмасы берілген.

Түркістан қаласы әкімдігі 2021 жылғы 28 қазанда Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына (шығыс №15/7425 хат), Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депаратаментіне (шығыс №15/7420 хат) және басқа уәкілетті органдарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының құрылыс салу жобасын жолдай отырып, ұсыныстар мен ескертулерді ұсыну немесе 2021 жылдың 1 қарашасына дейін келісім беру туралы хаттар жолдаған.

Түркістан облысының санитарлық – экидемилогиялық бақылау департаменті 2021 жылғы 29 қазандағы шығыс №24-7-3-6-08/3318 хатымен «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінде келісім беру ерекшелігі қарастырылмағанын хабарлаған.

ҚР ҚН 3.01-00-2011 «Қазақстан Республикасындағы қала құрылысы жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту туралы нұсқаулықтың» бұйрығының 4.1.3.11.2)-тармақшасына сәйкес, қала құрылысы құжаттамасының жобасын келісуге жіберілген мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар белгіленген мерзімде келісімдерін немесе Тапсырыс берушіге негізделген ескертулерін ұсынуы тиіс. Көрсетілген мерзімде қорытынды ұсынылмаған жағдайда қала құрылысының құжаттамасы келісілген болып есептеледі.

Осыған сәйкес, Әкімнің 2021 жылғы 8 қарашадағы №1811 қаулысымен «С[...] даңғылы бойындағы аумақтың №6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, №1, 1-1, 2 қосымшаларына сәйкес бекітілген. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген С[...] даңғылының бойындағы аумақтың №6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, (Ж-3) 3-4 қабатты тұрғын үй (Ж-1) үй-жайлық тұрғын үй құрылысы үшін қарастырылған аймақ ретінде өзгертілген.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сай әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады. Осы кодекстің 11-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.

Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.

Дауланып отырған әкімшілік акт осы талаптарға сәйкес келеді.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Ғ. Әлжанов Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.