КСАД РК - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-4к/1080 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 шілде 6003-26-00-4к/1080 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы К[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында, талап қоюшы К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының хаттамасын заңсыз деп танып және күшін жою, ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт шығаруға міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Абай облысы мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қантардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Абай облысының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қантардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшының пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай кемшіліктер осы іс бойынша орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы 2011-2025 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5518, 6699, 5511 әскери бөлімдерінде қызмет атқарған.

2025 жылғы 28 қаңтарда талап қоюшы әскери-дәрігерлік комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп тану туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен запасқа босатылған.

2024 жылғы 5 желтоқсанда талап қоюшы 5511 әскери бөліміне баянат жазып, қызметтік тұрғын үй алуға кезекке қоюын сұраған және ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянат ұсынған.

Тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №14 хаттамалық шешімімен талап қоюшы 2024 жылғы 5 желтоқсаннан бастап тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.

Жоғарыды аталған баянаттың және ұсынған құжаттардың негізінде әскери бөлім өз тарапынан талап қоюшыға ағымдағы тұрғын үй төлемдерін оның әскери қызметтен кеткен уақытына дейін төлеп отырған.

2025 жылғы 28 қаңтарда әскери бөлімнің бұйрығымен Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 26-бабы 1-тармағы 4)-тармақшысына сәйкес, әскеридәрігерлік комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп тану туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша әскерден шығарылған.

2025 жылғы 28 ақпанда талап қоюшы 5511 әскери бөліміне 2018 жылғы 1 қаңтар және 2024 жылғы 1 желтоқсан аралығындағы ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы арызбен жүгінген.

2025 жылғы 5 наурыздағы №3 тұрғын үй комиссиясының хаттамасымен талап қоюшыға ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеуге негіз жоқ екендігі көрсетілген.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 101-2 бабының 1-тармағына (101-2-бап алып тасталды, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) сәйкес, егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, ағымдағы төлемдер тұрғын үй төлемдерін тағайындауға негіздерінің бірі баянат болып табылады, ал баянат уақытында ұсынылмаған. Заңның 101-1 бабының 7-тармағына сәйкес, осы тармақтың бірінші

бөлігінде көзделген ағымдағы тұрғын үй төлемдері, егер құқық қорғау органының, арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау органының қызметкері және әскери қызметші не оның зайыбы (жұбайы):

  1. біржолғы тұрғын үй төлемдерін немесе ақшалай өтемақы алса;

  2. тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алуға арналған шарт бойынша міндеттемелерді орындаса;

  3. тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырса, төленбейді.

Сотта анықталғанындай, талап қоюшы біржолғы тұрғын үй төлемдерін толықтай алған.

Зерттелген дәлелдемелер мен анықталған мән-жайлар негізінде, талап қоюшымен дауланып отырған әрекет пен әкімшілік актінің қабылдануы заңға қайшы келетіні, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнама талаптарының бұзылғаны немесе талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болған жағдайлардың орын алғаны анықталмады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері бұрын төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш себеп анықталмады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қантардағы қаулысы осы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Е. Нұралиев. Судьялар Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.