Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 наурыз №6003-25-00-2к/5394 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілдері Г.Д.Увайдаеваның және Г.Т.Увайдаеваның, жауапкер өкілі Н.К.Садыковтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы « Гауһаралт» бөбекжай балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам) қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамауын, қаржыландыруды өз бетінше тоқтату және тәрбиеленушілерді ұлттық білім беру деректер қорынан өз бетінше алып тастау әрекетін, 2025 жылғы 5 ақпандағы хатты заңсыз деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 тамыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
Серіктестік аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Қоғам тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюдың қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамауды заңсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Серіктестік кассациялық шағымында соттармен процестік және материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, оның ішінде іс жүргізу тілі туралы талаптарының сақталмағанын, сот актісі жарияланбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-тің 14-бабының 2-бөлігіне сай сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
«Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №13 Нормативтік қаулысының 13-тармағында сот ісін жүргізу тілі туралы заңнама талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылатыны және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғатыны көрсетілген.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымымен іс бойынша іс жүргізу тілі болып қазақ тілі айқындалған.
Осыған қарамастан, бірінші сатыдағы соттың судьясы С.Т.Бертыбаева 2025 жылғы 21 тамызда істі негізінен қарау барысында іс жүргізу тілін сақтамай, тараптар қазақ тілінде сөйлегеніне қарамастан өзі істі орыс тілінде жүргізген.
Бұл ретте іс жүргізу тілінің сақталу қағидасы тараптармен қатар істі негізінен қарайтын судьяға да міндет болып табылатынын назарға алған жөн.
АПК-тің 222-бабының 1-бөлігіне сәйкес соттың шешiмi қабылданып, оған қол қойылғаннан кейiн судья шешiмді толық не оның қарар бөлiгiн жария етедi.
Іс құжаттарына тіркелген 2025 жылғы 27 тамыздағы сот отырысының қысқаша хаттамасына және бейнежазбасына қарағанда бірінші сатыдағы соттың судьясы С.Т.Бертыбаева АПК-тің 221-бабының негізінде сот актісін шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығып кеткені, одан кейін сот актісін жариялау үшін сот отырысы залына қайта оралмағаны көрінеді.
2024 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен АПКтің 222-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда сот отырысында шешімді жария ету жүргізілмейді деген редакциядағы осы баптағы 1-1 бөлігі алып тасталғаны соттардың назарынан тыс қалған.
АПК-тің 225-бабының 2-бөлігінде сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешетіні бекітілген.
Серіктестік сотқа берген және нақтыланған талап қоюында қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамауын, қаржыландыруды өз бетінше тоқтату және тәрбиеленушілерді ұлттық білім беру деректер қорынан өз бетінше алып тастау әрекетін, Қоғамның 2025 жылғы 5 ақпандағы хатын заңсыз деп тануды сұраған.
Алайда, соттар талап қоюдың тек ғана қосылу шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді орындамауын заңсыз деп тану жөніндегі бөлігін негізінен қарап, шешім шығарған, ал талап қоюдың қалған бөліктері бойынша қандай да бір процестік шешім қабылданбаған.
Демек, соттар АПК-тің 4-бабында айқындалған сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатын Серіктестіктің даулы құқықтарының қорғалуын, істің толық қаралуын және шешілуін толық көлемде қамтамасыз етпеген.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 Нормативтік қаулысының 5- тармағына сай шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында процестік құқық нормалары бұзыла отырып шығарылған сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуге, Серіктестіктің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
Істі жаңадан қарау барысында Серіктестіктің қойған талаптарын толық көлемде қарап, іс үшін маңызы бар мән-жайларды нақты және дұрыс айқындау және оларға тиісті құқықтық бағасын беріп, анықталған деректер мен бекітілген дәлелдемелер негізінде заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 тамыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысының күштері жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілсін.
Талап қоюшы « Гауһаралт» бөбекжай балабақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.