ВС РК - Постановление от 07.12.2021 по делу 6001-21-00-6ап/36 (Административное)

6001-21-00-6ап/36

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 7 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Қ.С.Мусин, судьялар С.Ү.Баймаханов, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшы К[...], оның өкілі И[...], жауапкердің өкілі Д[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер Жаңақорған ауданының әкімінің өкімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі И[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] өзіне тәртіптік жаза қолдану жөніндегі жауапкердің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 343-ө өкімімен келіспей, оны заңсыз деп тану жайлы талаппен сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымымен сотқа талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қою арызы қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымымен жоғарыда аталған ұйғарым күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі И[...] кассациялық шағымында сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімі өткізілмегенін көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Жауапкер қарсы пікірінде кассациялық шағыммен келіспей, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымды, жауапкер өкілінің қарсы пікірді қолдаған түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге негіздер жоқ деген тұжырымы заңды және негізді болып табылады.

Істегі құжаттарға қарағанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы әкімінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 343-ө өкімімен (бұдан әрі – даулы Өкім) бөлім басшысы К[...] қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Осы әкімнің 2016 жылғы 5 мамырдағы № 456-ө өкімімен К[...] мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені және бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде теріс қылықты қайталап жасағаны үшін қызметінен босатылған. К[...] өзін қызметтен босату жөніндегі өкімді даулап 2016 жылы сотқа талап арызбен жүгінген. Ол істі қарау барысында даулы Өкім сотта зертеу нысаны болған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының заңды күшіне енген 2016 жылғы 12 қазандағы қаулысымен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Яғни, талап қоюшының даулы Өкім туралы 2021 жылғы маусым - шілде айларында білдім деген уәжі негізсіз.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 160-бабының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес, сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді:

  1. жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс беруші актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша жүгінген кезде не еңбек шарты тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамаған кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап екі ай; 2) басқа еңбек даулары бойынша – жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 185-бабының 1 тармағына сай ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.

Талап қоюшы осы талап қоюмен сотқа 5 жылдан астам уақыт өткеннен кейін жүгінген және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіретіндей АК-нің 185-бабының 1 тармағында қаралған мән-жайлар жоқ.

Сонымен қатар, ӘРПК-нің 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Жоғарыда аталғандай К[...] жұмыс беруші жауапкермен еңбек қатынасында тұрған және даулы Өкім оның қызмет атқаруына байланысты қабылданған. Яғни, тараптардың арасындағы дау жарияқұқықтық қатынастардан емес, еңбек қатынастарынан туындаған.

Яғни, даулы Өкім әкімшілік акт санатына жатпайды. Сондықтан жұмыс берушінің даулы Өкімі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) және 15) тармақшаларының талаптарына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса және сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымы күшінде, талап қоюшының өкілі И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Қ. Мусин

Судьялар

С. Баймаханов

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс. Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.