ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 мамыр 6001-23-00-6ап/3151 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
мүдделі тұлға «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» РММ-нің өкілі Қ[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы З[...] жауапкер Алматы қаласы әкімдігіне (бұдан әрі – әкімдік) жер телімін жалға беруден бас тарту туралы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жою және бұзылған құқықтары мен еркіндіктерін қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысына талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Азаматтарға арнлаған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілінен істі оның қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен танысып, мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы З[...] сотқа талап қоюуына негіз болған мәнжайларға қарағанда ол 2007 жылы бейтаныс тұлғалардан Алматы қаласы, Алатау ауданы, Трудовик ықшам ауданы, Шынқожа батыр көшесінен ауданы 0,0455 га құрайтын нөмірі жоқ жер телімін ауызша келісіммен сатып алған. Аталған жер теліміне тұрғын үй салынған.
2022 жылдың 15 мамырында З[...] Алматы қаласы әкімдігіне жоғарыда аталған жер телімін жеке тұрғын үй құрылысын пайдалану үшін уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы арызбен жүгінген.
2022 жылғы 29 маусымда З[...] өтініші бойынша жер комиссиясымен теріс қорытынды қабылданған. Оған негіз болған жайттар: Алматы қаласы мәслихатының 2006 жылғы 20 қарашадағы №284 шешімімен бекітілген Алматы қаласы аумағының функционалдық аймақтарын салудың қала құрылысы регламенттерін іске асыру жоспарына және Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 11 наурыздағы №1/84 қаулысымен бекітілген Алматы қаласы аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, сұралып отырған жер учаскесі жалпыға ортақ пайдаланылатын жер болып табылатындығы және ішінара «Боралдай тоғандары» ерекше қорғалатын табиғи аумағында орналасқаны. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 26, 122-бабына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін кез келген қызметке тыйым салынатыны. Бұдан басқа, өтініш беруші сұратылып отырған жер учаскесінде заңсыз құрылыс (тұрғын үй) салғаны да ескерілген анықталған.
2022 жылғы 13 шілдесіндегі жер комиссиясының қорытындысы негізінде Алматы қаласы әкімдігімен «Жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығын беруден бас тарту» туралы №3/314-304 қаулысы қабылданған.
Аталған қаулымен талап қоюшы келіспей, әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
Талап қоюшымен жер телімі тұрғын үйге қызмет көрсету үшін сұратылып отыр, бірақ, жалпы пайдаланудағы жерлер мұндай мақсат ұшін уақытша пайдалануға берілмейді. Сондай-ақ, даулы жер телімінде талап қоюшы құқық беретін құжаттарсыз, өз бетімен тұрғын үй тұрғызған. Бұл тұрғын үй тиісті түрде заңдастырмаған.
Сонымен қатар, соттар талап қоюшының басқа баспанасы жоқтығы туралы уәждерін тексергенде, оның атында 2010 жылдан бастап 2023 жылдың 26 маусымына дейін, Алматы қаласында да, Жетісу облысында да меншік құқығында жылжымайтын мүлкі болғандығын анықтаған. Бұл дерек уәкілетті органның арнайы анықтамасымен расталған.
Сол сияқты, соттар осы дауды шешкенде бұрын Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2020 жылдың 24 қыркүйегіндегі заңды күшіне енген шешімімен З[...] жауапкер Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы даулы жер теліміне құқық беруден бас тарту туралы қаулысының күшін жою жөніндегі талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылғанын да ескерген.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.