КСАД РК - Постановление от 29.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1536 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 29 қазан №6003-25-00-4к/1536 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші – судья Д. Әбдіғалиев,

судьялар Ә. Назарова, Д. Нұрлыбаева болып,

талап қоюшы Ж. Сулейменовтың, жауапкер өкілі Н. Мустафаевтың қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы Жангирхан Есенбаевич Сулейменовтың жауапкер Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының әкіміне қойған

жер учаскесін жеке меншікке беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қарашадағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Ж.Сулейменов жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қарашадағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.

Тараптар және олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептері туралы хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдар тиісті түрде хабарландырылған жағдайда олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждері мен іс материалдарын зерделей келе, кассациялық сот төменде келтірілген негіздер бойынша дау айтылған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.

Сотта анықталғандай, 1995 жылғы 6 қазандағы Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық әкімшілігінің №429 шешімі негізінде «Песчанный» маягы орналасқан жалпы ауданы 0,25 га жер учаскесі (кадастр нөмірі 13:199:007:010) тұрақты жер пайдалану құқығымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 15612 әскери бөліміне берілген.

2009 жылғы 27 ақпандағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің №68 бұйрығына сәйкес аталған жер учаскесі және ондағы ғимараттар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштерінің теңгеріміне берілген. 2009 жылғы 2 қараша мен 2011 жылғы 8 желтоқсан аралығында талап қоюшы Ж. Сүлейменов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «25425 әскери бөлімін» РММ-де маяктың техникалық қызметшісі болып жұмыс істеген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Шекара қызметінің Теңіз шекара дивизиясы» мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ақтау аудандық пайдалану бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2009 жылғы 27 наурыздағы қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес Мұнайлы ауданы әкімдігінің 2012 жылғы №212-Қ қаулысы негізінде Қорғаныс министрлігінің «Ақтау аудандық пайдалану бөліміне» «Қызылқұм» аумағындағы маяк қалашығын орналастыру үшін жалпы ауданы 1,0999 га жер учаскесін тұрақты жер пайдалану құқығымен беру келісілген.

2013 жылғы 21 қарашадағы Мұнайлы ауданы әкімдігінің қаулысымен « Песчанный » маягы орналасқан 0,25 га жер учаскесі талап қоюшы Ж. Сүлейменовке тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстар салу үшін екі жыл мерзімге жалға берілген.

2014 жылғы 17 шілдедегі Мұнайлы ауданы әкімдігінің қаулысымен даулы жер учаскесі талап қоюшының жеке меншігіне берілген.

Алайда, 2016 жылғы 1 тамыздағы Ақтау гарнизонының әскери сотының шешімімен Мұнайлы ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 17 шілдедегі қаулысының, сондай-ақ оған қатысты мекенжай анықтамасын беру және жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрықтардың күші жойылып, талап қоюшы тұрғын үйден мәжбүрлеп шығарылған.

Осы шешіммен Ж. Сулейменовтің Мұнайлы ауданы әкімінің 2012 жылғы 22 тамыздағы қаулысын заңсыз деп тану туралы қарсы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бұл шешім 2016 жылғы 16 қарашада заңды күшіне енген және толық көлемде орындалған. Маңғыстау облысы әкімдігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы қаулысына сәйкес «Ақтау аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне «Қызылқұм» аумағындағы көлемі 1,0999 га жер учаскесі, оның ішінде даулы жер де, қорғаныс мұқтажы үшін тұрақты пайдалану құқығымен бекітіліп берілген.

2023 жылғы 13 наурыздағы Маңғыстау облысы Қаржы басқармасының бұйрығына сәйкес бұл жер учаскесі және ондағы құрылыстар республикалық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке, кейін Мұнайлы аудандық коммуналдық меншікке берілген.

Мұнайлы ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 30 наурыздағы қаулысымен аталған мүлік ауданның коммуналдық меншігіне қабылданып, 2023 жылғы 31 наурыздағы Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің қаулысына сәйкес «Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне берілген.

Талап қоюшы 2023 жылғы 2 маусымда Мұнайлы ауданы әкіміне жүгініп, осы жер учаскесін тұрғын үй және шаруашылық құрылыстарымен бірге жеке меншікке беру туралы өтініш берген.

Мұнайлы ауданы әкімдігі 2023 жылғы 23 маусымдағы жауабымен талап қоюшының өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған.

Жергілікті соттар анықталған мән-жайларға және келесі заң нормаларына сүйене отырып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырған. Сотта анықталғандай, талап қоюшы Ж.Сулейменовтің сұрап отырған даулы жер учаскесінің санаты «Өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер» болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 26-бабының 2-тармағында қорғаныс және мемлекеттiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайтыны көрсетілген.

Сонымен қатар «Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысының 3- тармағына сай, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес оларды кері сатып алу міндеттемесімен мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін қоспағанда), ішкі су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшін пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары, маяктар, кеме қатынасының қауіпсіздігін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер, шлюздер, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженерлік желілер, сондай-ақ метрополитен аталған тізбеге енгізілген.

Осы тізбенің 16-тармағында мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекет меншігіндегі ұлттық мәдени игілік объектілері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері де енгізілген.

Сот талқылауы барысында аталған объектілер тарихи және мәдени игілік объектілері қатарына енгізіліп, туризмді дамыту саласында қолдану шаралары қарастырылуда екені анықталған.

Осыған орай, соттар даулы жер учаскесі мен ондағы нысандар мемлекеттік меншікке жатады және жеке меншікке беруге заңмен тыйым салынған деген қорытынды жасаған.

Жер кодексінің 33-бабының 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін берілген жер пайдалану құқығына қатысты мәмілелер жасауға жол берілмейді.

Талап қоюшының даулы жер басқа аумақта орналасқан деген уәжі сотта расталмаған, себебі сот отырысында тексеру барысында сұралған тұрғын үй мен шаруашылық нысандар дәл осы мемлекеттік меншік жерінде орналасқаны анықталған.

Осыған байланысты, аудан әкімдігінің талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмеген, ал төменгі саты соттарының қорытындылары заң норамларына және істің мән-жайларына толық сәйкес келеді.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛ Ы ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қарашадағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ж.Сулейменовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Ә. Назарова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.