ВС РК - Постановление от 10.12.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2682 (Административное)

6001-23-00-6ап/2682

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 10 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі А.Қайратұлының қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Нургазы Тилеуханович Батырбековтің жауапкер Ақтөбе облысының әкіміне, мүдделі тұлғалар Арыс қаласының әкімдігі, «Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жасауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.Т. Батырбеков жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған, Ақтөбе облысының әкімі Түркістан облысы, Арыс қаласы, Әліп Мәдалиев көшесі №104 мекенжайда орналасқан тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын 2 ай мерзімде жүргізуге міндеттелген. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымымен Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуірдегі шешімінің күші жойылып, Н.Т. Батырбековтың талап қоюы кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшы Н.Т.Батырбековтің Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымын жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарау жөніндегі өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Н.Т.Батырбеков Түркістан облысы Арыс қаласы, Әліп Мәдалиев көшесі №104 мекенжайдағы тұрғын үйдің (бұдан әрі – тұрғын үй) меншік иесі болып табылады.

2019 жылдың 24 маусымындағы Түркістан облысы Арыс қаласында орналасқан № 44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс фактісі бойынша Түркістан облысы әкімінің 2019 жылғы 27 маусымдағы №4 шешімімен Арыс қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткізілген мәжілістің 2019 жылғы 26 маусымдағы хаттамасына сәйкес, 2019 жылғы 24 маусымдағы Арыс қаласында орын алған оқиғаның салдарын жою және қаланы қалпына келтіру мемлекеттік органдарға жүктелген.

Осы хаттамалық шешімге сай Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, тұрғын үй Арыс қаласы, Әліп Мәдалиев көшесі №12 сектор құрамына еніп, аталған сектордағы жұмыс көлемі Ақтөбе облыстық әкіміне берілген.

Н.Т.Батырбеков сотқа әкімшілік талап қойып, әскери бөлімде орын алған жарылыс салдарынан тұрғын үйіне едәуір мөлшерде зақым келіп, қазіргі таңда тұрғын үйдің ірге тасы қирап және жарылып жатқанын, тұрғын үйді қалпына келтіруге міндетті Ақтөбе облысы оған тек 20 дана шифер мен 3 дана терезе әйнегін берумен шектелгенін көрсетіп, талап қоюды бірнеше рет нақтылап, соттан Арыс қаласы, Әліп Мәдалиев көшесі, №104 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жасауды Ақтөбе облысының әкіміне міндеттеуді сұраған. Бірінші сатыдағы сот 2022 жылғы 14 наурыздағы №317-сараптама қорытындысына сәйкес тұрғын үйде сыртқы қабырғалары мен іргетастары әртүрлі мөлшерде жарылғаны, шатырының ағаш құрылымдары кейбір жерлері жарылған және орнынан қозғалғаны, қабырғалардың кейбір жерлерінде сылақтар түскені, тұрғын үйдің бұзылуы немесе бүлінуі ғимараттың физикалық тозуына байланысты тұрғын үйдің техникалық жағдайы ҚР ЕЖ 1.04-102-2012 «Ғимараттар мен құрылыстардың физикалық тозуын бағалау ережелері» талаптарына сәйкес келмей қалғандығын, аталғандар 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан болғандығын, жауапкер талап қоюшының тұрғын үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізбегендігін анықтаған. Сот, жауапкер Арыс қаласындағы жарылыс оқиғасы орын алғаннан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де оған Үкімет тарапынан тапсырылған міндеттемені тиісінше орындамай талап қоюшының тұрғын үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізбей, оның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірген деп тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы, бірінші саты соты дәлелді себепсіз шағым беру мерзімін қалпына келтіруді бекіткен деген тұжырымға келген. Апелляциялық сот алқасының ойынша, талап қоюшыға оның құқықтарының бұзылғаны туралы 2021 жылғы 16 маусымда белгілі болған, ал талап қоюшы ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде көзделген сотқа талап қоюды беру мерзімін бұза отырып 2021 жылы 17 қарашада сотқа жүгінген деген негізбен бірінші саты сотының шешімінің күшін жойып, талап қою ӘРПК-нің 138бабы екінші бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес қайтаруға жатады деп шешкен.

Сот алқасы, апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымымен келесі мән-жайлар негізінде келісе алмайды.

ӘРПК-нің 154-бапбына сай, соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Шағымдалып отырған сот актісі бұл талаптарға сәйкес келмейді.

Н.Т.Батырбеков сотқа талап қоюға арналған мерзімді бірнеше рет тиісті құзырлы органдарға өзінің құқықтарын қалпына келтіру туралы шағымданғанымен және мемлекеттік органдар тек жазбаша жауап берумен шектелгендігімен уәждеген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымымен Н.Т.Батырбековтың талап қоюды беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылып, талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімі қалпына келтірілген.

АПК-нің 126-бабы 7-бөлігіне сәйкес, процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.

Бір іс бойынша талап арызды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы сот ұйғарымы бола тұра, қайталап талап қоюшы талап қоюды сотқа беру мерзімін өткізіп алған деген негізбен апелляциялық сот алқасымен екінші ұйғарым қабылдау заң нормаларына сай келмейді.

Аталғандар негізінде, сот алқасы, апелляциялық сот алқасының талап қою мерзімі қалпына келтірілген талап қоюды қайтару туралы тұжырымы негізсіз деп санайды.

АПК-нің 449-бабын бірінші бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіндігі көзделген.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Сондықтан сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, апелляциялық сот алқасының сот актісі толығымен күші жойылуға, ал әкімшілік іс мәні бойынша негізінен қарау үшін сол сатыдағы сотқа жолдануға жатады деген тұжырымға келді.

Істі негізінен қарау барысында сот талап қоюдың уәждерін ӘРПК-нің қағидаттарын ескере отырып жан-жақты зерттеп, оларға тиісті құқықтық баға беріп, заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымының күші жойылуға жататындықтан Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымы талап қоюшыға құқықтық салдар мен ауыртапалық келтірмейді.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымының күші жойылып, әкімшілік іс негізінен қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жолдансын. Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Ж.Б.Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс

Г.К. Нұрбаев Г.К. Нұрбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.