ВС РК - Постановление от 07.02.2024 по делу 6001-22-00-6ап/2020 (Административное)

6001-22-00-6ап/2020

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 7 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.Ө. Әлжанов., Е.Д. Умралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер жеке сот орындаушысы М[...] әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы,

Батыс-Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешіміне, Батыс-Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Б[...] сотқа берген талап қою арызында жеке сот орындаушысы М[...] әрекетсіздігіне дау айтып, негіздемесінде 2023 жылғы 26 қаңтарда өндіріп алушы Б[...] медиация рәсімінің нәтижелері бойынша дауды шешу туралы келісім жасалғанын көрсете келе, жеке сот орындаушысы осы уақытқа дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығармағанымен негіздеген. Батыс-Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс-Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Талапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олар заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан күштерін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдары бойынша борышкер Б[...] өндіріп алушы Б[...] пайдасына кәмелеттік жасқа толмаған 2012 жылғы 17 шілдеде туған Ә[...] асырау үшін барлық табысының 1/6 мөлшерінде кәмелетке толғанға дейін алимент өндіру туралы сот актісі негізінде 2022 жылғы 24 наурызда атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Аталған атқару құжатын борышкер Б[...] тиісті түрде орындамауына байланысты, жауапкердің 2023 жылғы 26 қаңтардағы берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес Б[...] алимент бойынша берешегі 2 185 722 теңгені құраған.

2023 жылғы 26 қаңтарда Б[...] пен Б[...] медиация рәсімінің нәтижелері бойынша дауды шешу туралы келісім жасаған.

Аталған келісімнің 3.3, 3.4 тармақтарына сәйкес Б[...] 1 000 000 теңге алимент бойынша берешекті келесі тәртіппен төлейді: 2026 жылдың 26 қаңтарына дейін «Отбасы Банкі» АҚ-дағы Қ[...] шотына 1 000 000 теңге аударады. Келісім жасалуына байланысты тараптар атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуды қалайды.

Алайда, Б[...] 2023 жылғы 26 қаңтардағы сот орындаушысының атына жазған арызында 2023 жылғы 26 қаңтардағы медиациялық түрде болған келісім шартты жарамсыз деп тануды, алименттен бас тартпайтынын көрсетіп, борышкерден алимент өндіруді сұраған.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 3-тармағына сәйкес мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы (алименттер өндіріп алу туралы, жарақат алумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен және басқадай келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша) шешімдердің негізінде жазылған атқарушылық құжаттар төлем жасауға берілген барлық уақытта күшін жоймайды.

Заңның 47-бабының 1-тармағының 2-1)-тармақшасы бойынша атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық іс жүргізу тараптары медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасса, тоқтатылады.

Алайда, осы тармақтың 7-1)-тармақшасына сай алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша кәмелетке жасы келгеннен кейін берешегі болмаса тоқтатылатыны көзделген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, өндіріп алушының алимент өндіруді жалғастыру туралы арызын ескере отырып, жеке сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді тоқтатпауы заңды деген тұжырымға келген. Себебі, жасалған медиациялық келісім кәмелеттік жасқа толмаған К[...] мүддесін бұзады, келісімде көрсетілген алименттік қарыз нақты қарызға сәйкес келмейді және алименттік міндеттемелердің мәніне қайшы келеді. Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс-Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешімі, Батыс-Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талапкер Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Г.Ө. Әлжанов Е.Д. Умралиев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.