6001-24-00-6ап/1060
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 23 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.А.Молдахановтың,
жауапкердің өкілі А.К. Даулетияровтің қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Дианна Багдатовна Ногаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қобда ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп тану, есеп шоттарындағы шектеулерді шешу туралы талап қоюы бойынша
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 04 қаңтардағы шешімімен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келдірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Д.Б.Ногаеваның жоғарыда көрсетілген талап қоюымен Басқармаға қатысты сотқа жүгінген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 04 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот алқасының отырысына тиісінше хабарланған талап қоюшы мен оның заңды өкілі қатыспады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілінің қарсы пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы Д.Б.Ногаева Қобда ауданында 2018 жылғы 18 қыркүйектен бастап 2020 жылға 30 қарашаға дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болған.
Осы аралықта Қобда ауылы, А.Әкімжанов көшесі, 22 «а» мекенжайында ғимарат (дүкен) салып, оны 2020 жылғы 21 қаңтарда Р.Б.Айтмагамбетовке 7 500 000 теңгеге сатқан.
Бұл туралы мәлімет Басқармаға жоғары тұрған салық органынан келіп түскен.
2022 жылғы 09 маусымда Басқарма Д.Б.Ногаеваның жеке кабинетіне хабарлама жолдаған, онда тұрғын үй емес жер учаскесін сату фактісі бойынша жеке табыс салығы (750 000 теңге) декларациясын тапсырмағаны көрсетілген.
Сонымен, хабарламаны рәсімдеуге талап қоюшының Басқармаға ғимаратты сатқан бағасынан түскен табыстан 2020 жылға жеке табыс салығы туралы 240.00 нысанды декларациялық есеп бермеуі негіз болған.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Д.Б.Ногаева аталған хабарламамен келіспей, ғимаратты салуға шамамен 8 000 000 теңге жұмсалғандықтан, мүліктік кіріс алмағанын көрсетіп оны заңсыз деп танып, күшін жоюды және есеп шоттарды шектеулерден босатуды сұрап, сотқа талап қоюмен жүгінген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (әрі қарай- Салық кодексінің) 331бабы 1 - тармағының 6 - тармақшасына сәйкес нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны белгіленген мерзімнен кешіктірмей тапсыруы тиіс делінген.
Салық кодексінің 118–бабының 1-бөлігінің 7-тармағында салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда салық төлеушінің банктік шоттары (корреспонденттікті қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруы айқындалған.
Жоғарыда көрсетілген заң талаптары негізінде жергілікті соттардың дауды шеше және талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Басқарманың даулы хабарламасы мен талап қоюшының банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шығарған №№3602, 3603 өкімдері салық органының құзыреті шегінде және заңнамаға сәйкес қабылданған деген тұжырымдары дұрыс болып табылады.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесі келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Д.Б.Ногаеваның сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз болып табылмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 04 қаңтардағы шешімімен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Дианна Багдатовна Ногаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Ж. Ермағамбетова
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.