6001-24-00-3Г/5980
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж.Мырзаке,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі – Мекеме, Салық органы) жауапкерлер «Торговая компания-Asset» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан əрі – Серіктестік, ЖШС), жеке кəсіпкер Н.В.Зачиняевке (бұдан əрі – Жеке кəсіпкер), «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-не, «Ansar Invest Company» ЖШС-не, «DANI Group» ЖШС-не:
-Серіктестік пен Жеке кəсіпкер арасындағы айналым сомасы 2 160 000 теңге, қосылған құн салығы (бұдан əрі-ҚҚС) 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 25 қазандағы №ESF-110340010337-20201025-49328281 электрондық шот-фактурамен (бұдан əрі - ЭШФ) дəлелденетін мəмілені жарамсыз деп тану;
-Серіктестік пен «СарыаркаАвтоПром» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 890 911 теңге, ҚҚС 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 22 шілдедегі №ESF-110340010337-20200722-36392417 жəне №ESF-110340010337-2020072236392418 ЭШФ-мен дəлелденетін жарамсыз деп тану;
-Серіктестік пен мен «Ansar Invest Company» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 881 000 теңге, ҚҚС 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 25 қазандағы №ESF-110340010337-20201025-49328282 ЭШФ-мен дəлелденетін мəмілені жарамсыз деп тану; -Серіктестік пен «DANI Group» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 847 258 теңге, ҚҚС 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 17 шілдедегі №ESF-110340010337-20200717-52615589 ЭШФ-мен дəлелденетін мəмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сəуірдегі қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме жоғарыда көрсеткен талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сəуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мекеме өтінішхатта жергілікті соттармен істі қарау барысында материалдық жəне процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға, арызданушының пікірінше, іс бойынша жол берілген.
Іс материалдарының мазмұнына қарағанда, Серіктестік заңды тұлға ретінде 2011 жылғы 25 наурызда Салық органда тіркелген. Мекенжайы: Қызылорда қаласы, Ибраев көшесі,2. Негізгі қызмет түрі: «Қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату». Тіркелгеннен бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде қызмет атқарады. 2020-2021 жылдарға 700.00, 700.01 салық есептілік нысандарының тапсырылмауына сəйкес тіркеуінде активтерінің жоқтығын білдірген. 2020 жылдан бастап 2023 жылғы 1 тамызға дейін бюджетке 1 065 000 теңгеге төлем жүргізген.
Анықталғандай, Жеке кəсіпкер, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-і, «Ansar Invest Company» ЖШС-і жəне «DANI Group» ЖШС-і даулы мəмілелер негізінде Серіктестіктен кеңсе жиһаздары тауарларын алып, өз шығынына қойған.
Салық органы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштеріне талдау нəтижесінде Серіктестіктің қызметтер көрсетуге мүмкіншілігі жоқ екенін, жұмысшы саны болмауын, жабдықтаушылары жоқ екенін, бюджетке төленетін төлемдердің жəне салық жүктемесінің төмендігін көрсетіп, жауапкерлердің арасында ешқандай тауар сатып алу-сату болмағандығын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындысын даулы мəмілелер бойынша жауапкерлермен іс жүзінде орындалғаны дəлелденгенімен тұжырымдаған.
Соттардың мұндай тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есетпейді. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 147,148-баптарында азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған əрекеттері мəмілелер деп танылатыны көрсетілген.
Бұл ретте мəмілелердің өздері қаржы-шаруашылық операциялардың шынайылығының даусыз дəлелі бола алмайды, ол тек шарт тараптарының азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін келісімге келгенін ғана көрсетеді.
Өтінішхат иесінің пікірінше, жергілікті соттар іс бойынша ұсынылған дəлелдемелерге біржақты баға беріп, материалдық жəне процестік құқықтың нормалар бұзып, іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамаған.
Атап айтқанда, Серіктестіктің активтері, жалдамалы жұмысшылары жəне жабдықтаушы қызметтер көрсетуге мүмкіндіктер жоқтығының, яғни қандай да бір қызметтер көрсетуге, атқаруға мүмкіншілігінің жоқтығы себебінен Тəуекелдерді басқару жүйесімен «Тəуекел дəрежесі расталды» мəртебесі қойылып, қорытынды шығарылған.
2021 жылғы 15 маусымдағы №62056H600003 хабарлама қалыптастырылып, оны орындалмау себебінен банктік шоттарының шығыс операциялары тоқтатылып, 2021 жылғы 24 маусымдағы ЭШФ жазу мүмкіндігі шектелген. Қазіргі таңда хабарлама орындалмаған.
Серіктестік 2020 жылдан бастап 2023 жылғы 30 маусымға дейін бюджетке 1 065 000 теңгеге төлем жүргізген. Серіктестіктің 910.00 салық есептілік нысандарына сəйкес 2020 жылғы табысы 142 934 421 теңге, жалдамалы жұмысшы саны көрсетілмеген, 2021 жылғы табысы 2 864 361 теңге, 1 ғана адам көрсетілген, ал 2022 жыл 0 көрсеткішпен тапсырылған.
2020 жылғы 4-тоқсанда 13 465 545 теңге айналым болғанымен 300.00 нысанды ҚҚС декларациясында - 0 көрсеткіш. 2021 жылғы 1-тоқсандағы айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 936 510 теңге бола тұра, 0 көрсеткішпен, 2021 жылғы 2-тоқсан ҚҚС-сыз айналым сомасы 209 821 теңге бола тұра мүлдем табысталмаған, 2021 жылғы 3 тоқсанда ҚҚС бойынша салық есептілігі табысталмаған.
Серіктестік 2021 жылғы 18 ақпаннан бастап айналысатын негізгі қызмет түрі: «Қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату», ал 2020-2021 жылдар аралығында айналысқан қызмет түрі: «Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау». 2020 жылы Серіктестіктің айналысатын қызмет түрі жасалған мəмілелер бойынша сəйкес келмейтіндігін көруге болады. Жауапкерлер тарапынан өткізілген тауарларды жеткізу үшін қандай да бір техниканы қажет ететіндігі белгілі. Алайда, Серіктестік 700.00, 700.01 үлгідегі салық есептіліктерін 2020-2021 жылдар үшін тапсырмауына сəйкес активтерінің жоқ екендігін көруге болады.
Сонымен қатар жауапкерлер тауарларды қалай жеткізігенін растайтын қандай да бір құжаттар ұсынылмаған.
Айналым сомасы ҚҚС-сыз 2 160 000 теңгені құрайтын 2020 жылғы 16 қазандағы жиһаздарды жеткізу бойынша №40 жеткізу шарты Серіктестік пен Жеке кəсіпкер арасында жасалғандығын көрсеткен. Шарттың 3.3 тармағында тауарға төлем тауарды жеткізу бойынша жүк құжатына сəйкес 3 банктік күнінде аударылуы тиіс деп көрсетілген, банктік үзіндіде төлем 2 160 000 теңге 2020 жылғы 20 қазанда деп көрсетілген. Алайда №ESF-110340010337-2020102549328281 ЭШФ-да шарт жасалған күні 2020 жылғы 22 қазан, ал жазылған күні 2020 жылғы 25 қазан деп көрсетілген. Яғни, төлем алдын ала болған. Жауапкермен табысталған өткізілген тауарлар бойынша 2020 жылғы 22 қазандағы №000000306 ілеспе құжатында айналым сомасы ҚҚС-сыз 2 160 000 теңгені құраған.
Айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 890 911 теңгені құрайтын 2020 жылғы маусымдағы жиһаздарды жеткізу бойынша екі жақты келісім Серіктестік пен «СарыаркаАвтоПром» ЖШС арасында жасалғандығын көрсеткен. Алайда келісім ұсынылмаған. 2020 жылға айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгені құраған. Демек, бір мəміле 265 100 теңге жəне ол сомадан асқан жағдай да мəміле жазбаша
түрінде жасалуға жатады.Сонымен қатар, жауапкердің ұсынған банктік үзіндемесінде төлем 2020 жылғы 18 маусымдағы 1 933 470 теңге көрсетілген.
Алайда айналым сомасы ҚҚС-сыз 718 602 теңге №ESF-11034001033720200722-36392417 ЭШФ-мен мəміле жасалған күні 2020 жылғы 8 шілдеде, жазылған күні 2020 жылғы 22 шілде , айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 172 309 теңге №ESF-110340010337-20200722-36392418 ЭШФ-да мəміле жасалған күні 2020 жылғы 8 шілде, жазылған күні 2020 жылғы 22 шілде көрсетіліп, жалпы айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 890 901 теңгені құраған. Яғни, төлем алдын ала 2020 жылғы 18 маусымда болған жəне банктік үзіндімен ЭШФ арасындағы 42 559 теңге айырмашылық анықталған.
Айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 881 000 теңгені құрайтын 2020 жылғы 6 қазанында жиһаздарды жеткізу бойынша екі жақты шарт Серіктестік пен мен «Ansar Invest Company» ЖШС арасында жасалғандығын көрсеткен. Шарттың 3.3 тармағында тауарға төлем тауарды жеткізу бойынша жүк құжатына сəйкес 3 банктік күнінде аударылуы тиіс деп көрсетілген. Жауапкердің ұсынған 2020 жылғы 7 қазандағы банктік үзіндемесінде төлем 1 881 000 теңге көрсетілген. Алайда айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 881 000 теңге №ESF-110340010337-2020102549328282 шарт жасалған күні 2020 жылғы 9 қазан, жазылған күні 2020 жылғы 25 қазан, тауарды жеткізу бойынша да жүк құжатында 2020 жылғы 9 қазан деп көрсетілген. Яғни, төлем алдын ала болған.
Айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 847 258 теңгені құрайтын 2020 жылғы маусымда жиһаздарды жеткізу бойынша екі жақты келісім Серіктестік пен мен «DANI Group» ЖШС арасында жасалғандығын көрсеткен. Алайда келісім ұсынылмаған. Сонымен қатар, жауапкердің ұсынған банктік үзіндемесінде төлем 2020 жылғы 12 маусымда 1 806 604 теңге көрсетілген. Алайда айналым сомасы ҚҚС-сыз 1 847 258 теңге №ESF-110340010337-20200717-52615589 мəміле жасалған күні - 2020 жылғы 16 шілдеде, жазылған күні 2020 жылғы 17 шілде деп көрсетілген. Яғни, төлем алдын ала 2020 жылғы 12 маусымда болған жəне банктік үзіндімен ЭШФ арасындағы 40 654 теңге айырмашылық анықталған.
Арыз берушінің жоғарыда аталған жəне өтінішхатта көрсеткен басқа уəждері кассациялық сот алқасының отырысында тексерілуге жатады. АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сəуірдегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын. Судья Ғ.Ж.Мырзаке
Көшірмесі дұрыс Судья Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.